Жаңалықтар

«Қаңтар қасіретінде жеке ұшақтарымен елден қашқандар кімдер?» – депутат

«Қаңтар қасіретінде жеке ұшақтарымен елден қашқандар кімдер?» – депутат

Сауалды Мәжіліс депутаты Мақсат Раманқұл жариялады, деп хабарлайды orda.kz.

– Құрметті, Жаннат Қалдыбекұлы! Президент Қ.Тоқаев сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мәселелеріне арналған кешегі кеңесте бұл дерт еліміздің дамуына елеулі қиындықтар туғызатын айтты. Мемлекет басшысы сыбайлас жемқорлықты жою жөнінде тапсырмалар берді. «Ақ жол» Демократиялық партиясынын саяси бағдарламасында сыбайлас жемқорлық мемлекеттігімізге  негізгі үш қатердің бірі ретінде көрсетілген.  «Global financial integrity» халықаралық ұйымының мәліметі бойынша, соңғы 25 жылда Қазақстаннан шетелдік оффшорларға шамамен 140-160 миллиард АҚШ доллары шығарылған, бұл бүкіл елдің жылдық ішкі жалпы өнімі мен оның сыртқы қарызына тең. Кейбір мәліметтерге сәйкес, соңғы бес жылда Қазақстан Республикасының құқық қорғау органдары каражатты шетелге заңсыз шығару фактілері бойынша екі жүзден астам іс қозғаған. Алайда, нақты нәтижелері туралы ештеңе белгісіз, – делінген депутаттық сауалда.

Сондай-ақ, қаңтар көтерілісі кезінде кейбір адамдардың елден жеке ұшақтармен кетіп қалғанын және қыруар қаржы шетелдік есепшоттарға аударылғаны туралы айтып, Қаржв мониторингі агенттігіне сауал жолдады.

– Сонымен қатар, қаңтар қасіретінде кейбір олигархтар Қазақстаннан жеке ұшақтармен кетіп қана қоймай, қыруар қаржыны шетелдегі есепшоттарға аударғаны туралы ресми емес ақпарат бар. Осыған байланысты «Ақ жол»  фракциясы Қаржы мониторингі агенттігінен сұраймыз: 1) Агенттік құрылғаннан бері Қазақстан экономикасына оффшорлық аймақтардан нақты қанша қаражат қайтарылғаны туралы ақпарат беру. 2) Қаңтардағы қайғылы оқиғалар кезінде Қазақстаннан шетелге кандай ірі қаражат шығарылды (миллион АҚШ доллардан көп суммалар), оны кімдер шығарды, кімдердін шоттарына түсті?

Сол күрделі күндерде көлеңкелі капиталдар шығарылды, деген күдігіміз  бар. Ол адамдар тағдырын елімізбен байланыстырмаса, қалаған жерде қала берсін.  Бірақ шығарылғын қаражат халықтан ұрланған болса, елімізге қайтарылып, экономикаға жұмыс істесін. 3) Сондықтан бұндай фактілер болған жағдайда, салық органдарынан мұндай қаржының шығуының заңдылығын және олардың тиісті салықтарды төлегенін тексеруін сұраймыз, – делінген сауалда.