Путиннің Қазақстанға сапарында не айтылды?
Қазақстанға Ресей президенті Владимир Путин ресми сапармен келді, деп хабарлайды KazFace.kz Ақордаға сілтеме жасап.
Екі ел басшыларының келіссөздері барысында Қазақстан-Ресей стратегиялық серіктестігінің өзекті мәселелері талқыланды. Сондай-ақ, президенттер онлайн Қостанайда өткен Қазақстан мен Ресей арасындағы ХІХ өңіраралық ынтымақтастық форумына қатысты.
Қасым-Жомарт Тоқаев ХХІ ғасырдағы тату көршілік және одақтастық туралы шарттың 10 жылдығы қарсаңында өтіп жатқан Ресей президентінің ресми сапарының мән-маңызы айрықша екенін атап өтті.
Ресей – Қазақстанның стратегиялық серіктесі және одақтасы. Ортақ тарихқа, берік достыққа, өзара құрмет пен сенімнің мызғымас құндылықтарына сүйене отырып, біз көптеген сала бойынша өзара мүддені жүзеге асырудың айқын дәлелі саналатын мемлекетаралық қатынасты жолға қойдық. Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, Қазақстан Ресеймен арадағы жан-жақты ынтымақтастықты одан әрі нығайтуды көздейтін стратегиялық бағытқа бейілді екенін растағым келеді, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысының айтуынша, келіссөздер барысында сауда-экономикалық және инвестициялық ықпалдастыққа ерекше мән берілді.
Қасым-Жомарт Тоқаев пен Владимир Путин келіссөздерден кейін мынадай негізгі екі құжатқа қол қойды: “Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы XXI ғасырдағы тату көршілік және одақтастық туралы шартқа қол қойылғанына он жыл толуына орай Қазақстан Республикасының Президенті мен Ресей Федерациясы Президентінің бірлескен мәлімдемесі” және “Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясының 2024-2026 жылдарға арналған бірлескен іс-қимыл жоспары”. Аталған құжаттар аясында елімізде ірі жобалар жұмысы басталады деп жоспарлануда. Атап айтқанда, екі елдің Энергетика минстрліктері Қазақстанның үш қаласында "Көкшетау", "Семей" және "Өскемен" жылу электр орталықтарын салу жобалары бойынша ынтымақтастық жөніндегі өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойды.
Айта кету керек, әлемдік ахуалға байланысты көрші ел басшысының Қазақстанға қадам басуы көптің талқысына түсті. Тіпті, сапар қарсаңында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев - ресейлік «Известия» басылымына, ал Ресей президенті "Казахстанская правда" газетіне сұхбат берген болатын. Жалпы, бұл Путиннің бір жылда Қазақстанға жасаған 5-ші сапары.