Президенттен Шерзаттың өлімі туралы сұрады
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Талғардағы қылмыстық оқиға мен Шерзат есімді азаматтың қазасына байланысты өз пікірін білдірді,-деп хабарлайды KazFace.kz.
Мемлекет басшысы бұл жағдайға байланысты құқық қорғау органдарының қатаң шаралар қабылдап, тергеу жұмыстарын жүргізіп жатқанын атап өтті.
"Елімізде «Заң мен тәртіп» қағидаты мызғымастай орнығуы тиіс. Талғар оқиғасы бойынша құқық қорғаушылар барлық қажетті шараларды қабылдады. Күдіктілер қамауға алынып, тергеу аяқталуға жақын. Оқиғаға қатысты сот процесі көп ұзамай басталады. Бұл жұмысты мен жеке бақылауда ұстап отырмын", – деді президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев құқық қорғау органдарының соңғы екі жылда ұйымдасқан қылмыспен күресті табысты жүргізіп, аса қауіпті қылмыстық топтарды әшкерелеп, олардың қаржы көздері мен сыбайластарына дейін анықтағанын мәлімдеді.
"Қаңтар оқиғасы кезіндегі жаппай тәртіпсіздікті қылмыстық топтар жасады. Мемлекет осыған қарсы ымырасыз күрес жүргізуде", – деп атап өтті ол.
Президент, сондай-ақ, шетелден келген отандастарымыздың Қазақстан заңдарын қатаң сақтау керектігін еске салды.
"Қандастарымыз Тарихи Отанына оралып, заңсыз әрекеттерден аулақ болуы керек. Олар өздері тұрған елдерінде де биліктің талабын сақтады", – деп айтты мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, Талғардағы жағдайға қатысты кейбір саяси топтар теріс пиғылмен дақпырт таратуда. Бұл бағыттағы әрекеттерге жол берілмейді деп президент қатаң ескертті.