Президент Тоқаев 69 жасқа толды
Бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 69 жасқа толды , - деп хабарлайды Kazface.kz тілшісі.
Қасым-Жомарт Тоқаев 1953 жылы 17 мамырда Алматыда дүниеге келген. Есенберлин атындағы № 25 Алматы гимназиясында оқыған.
Әкесі Кемел Тоқаев - белгілі журналист және майдангер. Ол 1923 жылы Талдықорған облысының Қаратал ауданында дүниеге келген. 18 жасында майданға аттанып, ауыр жарақат алған. Соғыстан кейін журналист болып жұмыс істеген, кітап жазған.
Президент Мәскеу мемлекеттік халықаралық қатынастар институтын тәмамдаған. 1975 жылы КСРО Сыртқы істер министрлігіне қызметке кірді. Сингапурдағы кеңес елшілігіне жұмысқа жіберілді. 1979 жылдан 1983 жылға дейін КСРО Сыртқы істер министрлігінің аға референті, атташесі, үшінші хатшысы болды. Әр жылдары КСРО Сыртқы істер министрлігінің хатшысы болып жұмыс істеді.
1993 жылдан бастап Тәуелсіз Қазақстанның сыртқы істер министрінің орынбасары, кейін министрі болды. 1999-2002 жылдар аралығында премьер-министр болып жұмыс істеді, кейін Сыртқы істер министрлігіне оралып, 2007 жылы депутат болады да, Сенат төрағасы атанады. 2011 жылы Тоқаев БҰҰ-ның Женевадағы Еуропалық бөлімшесінің басшысы және БҰҰ Бас хатшысының орынбасары болу үшін депутаттық орыннан кетеді. Сенатқа 2013 жылдың қазанында оралады.
Тоқаевтың бұрынғы жарының есімі - Надежда Давыдовна Тоқаева (ажырасқаннан кейінгі тегі белгісіз). Ерлі-зайыпты арасында бір ұл бар - Тимур Тоқаев, қазір 38 жаста. Ол Ресей СІМ дипломатиялық академиясында саяси ғылымдар кандидаты ғылыми дәрежесін қорғаған. Тимур Тоқаев мұнай саласындағы табысты кәсіпкер екені белгілі. Сонымен қатар, ол атасы Кемел Тоқаев атындағы қайырымдылық қорын басқарады.
19 наурызда Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев өз өкілеттігін тоқтататынын мәлімдеді. Назарбаев Тоқаев Қазақстанды басқаруды сеніп тапсыра алатын адам екенін атап өткен еді. 2019 жылдың 20 наурызында Тоқаев Қазақстан Республикасы Президенті ретінде ант берді. 2019 жылы 10 маусымда Президент сайлауында жеңіске жетті.
Президенттің бейресми суреттері көп емес. Жақында шыққаны – Мәскеудегі серуен кезіндегі суреті. Тоқаев Мәскеуге Ресей президенті Владимир Путиннің және ҰҚШҰ Ұжымдық Қауіпсіздік кеңесінің төрағасы, Армения премьер-министрі Никол Пашинянның шақыруымен ұшып келді. 16 мамырда ҰҚШҰ саммиті өтті, жиынға Мемлекет басшысы да қатысты.