Қоғам

Президент Тоқаев комадағы сарбазға қатысты шұғыл тапсырма берді

Президент Тоқаев комадағы сарбазға қатысты шұғыл тапсырма берді
Балауса ЖАҚСЫБАЙ

Жамбыл облысы Отар ауылындағы әскери бөлімде мерзімді қызметін өтеп жатқан сарбаз комаға түсті. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев осы жағдайға байланысты қорғаныс министріне шұғыл тапсырма берді, деп хабарлайды Kazface.kz.

Бұл туралы президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәли  өзінің фейсбук парақшасында жазды. 
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Жамбыл облысы Отар ауылындағы әскери бөлімде мерзімді қызметін өтеп жатқан сарбаздың комаға түсуіне қатысты анасының әлеуметтік желілерде жариялаған үндеуімен танысты. Мемлекет басшысы болған оқиғаның мән-жайын мұқият зерттеп, кінәлі адамдарды жазалауды талап етті, – дейді Берік Уәли. 
Бұдан бұрын Жамбыл облысы Қордай ауданы Отар ауылындағы №30212 әскери бөлімінде Отан алдындағы борышын өтеп жүрген 19 жастағы Нұржігіт Әбділпаттаның жансақтау бөлімінде жатқаны мәлім болды. Сарбаз 9 маусым  күні ауруханаға жеткізілген. Анасының айтуынша, ұлының кіші сержант ұрған болуы мүмкін. Ал әскерилер Нұржігітке «ешкім тиіспегенін айтып», ақталған.

Қостанайлық Нұржігіт Әбділпат осы жылдың мамыр айында әскери  қызметке шақырту алған.  Ол Шымкенттегі "Авиценна" колледжінің бірінші курс студенті. Анасы Нұржігіттің  әскерге мүлдем сау кеткенін  мәлімдейді. 
Дәрігерлер жағдайы нашар дейді. Ол өз еркімен  дем ала алмай жатыр. Аппаратқа қосулы. Ертеңгі жағдайы әлі белгісіз. Бір құдайға сыйынып отырмыз. Дәрігерлер қолдан келгенді жасауда. Болған жағдай туралы бірден хабарламады. Еш әрекет жасалмаған. Ешкім жауапкершілік алғысы келмейді, - деп президенттен мәселеге назар аударуын сұрады анасы. 
Президент қорғаныс министріне армияда мұндай жағдайға жол бермеу қажет екенін ескертіп, тергеу амалдарын бақылауға алуды тапсырды.