Президент ҚҚС мөлшерлемесін төмендетуді тапсырды
Жұлдыз ОРАЗХАН
Қасым-Жомарт Тоқаев «Turkistan» газетіне берген кең көлемді сұхбатында елдегі салық реформасына қатысты пікірін білдірді, деп хабарлайды KazFace.kz.
Мемлекет басшысы қосылған құн салығы (ҚҚС) бойынша бұрын ұсынылған шешімдерге түзету енгізіп, салық мөлшерлемесін төмендетуді тапсырғанын айтты.
«Біздің реформамыз – қатардағы «фискалдық науқан» емес, салық жүйесін қайта құру деген сөз. Алдымызда тұрған басты міндет – экономиканың тұрақты өсімін қамтамасыз ету. Үкіметке ашық әрі ұғынықты Салық кодексін әзірлеу тапсырылды. Министрлер кабинеті бұл тапсырманы қаншалықты табысты орындап шыққанын биыл көретін боламыз», – деді президент.
Сұхбат барысында Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа Салық кодекс жобасы туралы да сөз қозғады. Ол бұрынғы Үкімет ҚҚС ставкасын 20%-ға көтеруді ұсынғанын, бірақ Президент салық мөлшерін 4 пайызға төмендетуді тапсырғанын атап өтті. Бұл шешім салық жүктемесін жұмсартып, бизнестің дамуын ынталандыруға бағытталған.
Мемлекет басшысы салық реформасының мәнін түсіндіріп, оның барлық қатысушылар – мемлекет, кәсіпкерлер мен азаматтар – үшін әділетті, түсінікті және тиімді жүйе құруға бағытталғанын айтты. Бұл жүйеде салық тек бақылау құралы емес, сонымен қатар қоғам мен инфрақұрылымға қызмет көрсету мен даму мүмкіндігі ретінде қарастырылуы тиіс.
Сұхбатта президент салық мәдениеті мен қоғамның салыққа жауапкершілікпен қарауының маңыздылығын да ерекше атап өтті. Бұл реформалар елдің экономикалық тұрақтылығын күшейтіп, ұзақ мерзімді даму үшін жағдай жасауға бағытталған.