Билік

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Түркия президентіне көңіл айтты

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Түркия президентіне көңіл айтты

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Түркия президенті Режеп Тайип Ердоғанға көңіл айтты, деп хабарлайды KazFace.kz Ақордаға сілтеме жасап.

Тоқаев Түркияның оңтүстік-шығысында көптеген адам шығынына әкеп соқтырған жер сілкінісіне байланысты осы елдің президенті Режеп Тайип Ердоғанға көңіл айту жеделхатын жолдады.

Түркия Республикасында болған аса күшті жер сілкінісі салдарынан көптеген адамның қаза тапқаны туралы суыт хабарды зор күйзеліспен қабылдадым. Осындай қиын сәтте жақындарынан айырылған отбасыларға, сондай-ақ бүкіл түрік ағайынымыздың ауыр қайғысына ортақтасып, Қазақстан халқының және жеке өзімнің атымнан көңіл айтамын, – деп жазылған жеделхатта.

Сонымен қатар президент Қазақстанның Түркияға тиісті көмек көрсетуге дайын екенін жеткізді.

Еске салсақ, дүйсенбіге қараған түні Түркияның оңтүстік-шығысында бірнеше қалада жойқын жер сілкінісі болды. Нәтижесінде жүздеген адам қаза тауып, мыңдаған адам зардап шекті.