Жаңалықтар

Перизат Қайраттың ісінде жаңа қылмыстық эпизод анықталды

Перизат Қайраттың  ісінде жаңа қылмыстық эпизод анықталды

Балауса ЖАҚСЫБАЙ

Қазақстанның тергеу органдары волонтёр және қайырымдылық қорының негізін қалаушы Перизат Қайраттың қылмыстық ісінде жаңа эпизодтың тіркелгенін жариялады, деп хабарлайды KazFace.kz.

Қазақстан Республикасы қаржы мониторингі агенттігі төрағасының орынбасары Жеңіс Елемесовтың айтуынша, қаңтар айының соңында қаржыны жымқыру бойынша тергеуге алынған Перизаттың ісінде  үшінші эпизод тіркелген. Тергеу мәліметтеріне сәйкес, Перизат Қайрат мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған оңалту орталығын құру үшін аукцион өткізіп, қайырымдылық қаражатын жинаған. Жиналған сома шамамен 22 миллион теңгені құраған, бірақ тергеу бұл қаражаттың жеке мақсаттарға жұмсалғанын алға тартады.

Бұған дейін волонтёр екі басқа эпизод бойынша тергелген: Палестинаға көмек ретінде жиналған қайырымдылық қаражатын мақсатсыз пайдалану және су тасқынынан зардап шеккендерге арналған қаражатты тиісті мақсатқа жұмсамау.

Сонымен  қатар, Перизат Қайраттың анасы Ғайни Алашбаева да тергеу аясында қаралып жатқанын еске саламыз. Ол қайырымдылық қаражатын жымқыруға көмектесті деген күдікке ілінген. Тергеу мәліметтері бойынша, Алашбаева қызымен бірге ұрланған қаражатты қолма-қол ақшаға айналдыруға қатысқан.