Павлодар облысында өрттен екі бала қаза тапты
Жұлдыз ОРАЗХАН
Бүгін Павлодар облысы Ертіс ауылында жеке тұрғын үйде шыққан өрт салдарынан екі бала қаза тапты, деп хабарлайды KazFace.kz.
Жедел қызметтің “101” пультіне түскен хабарлама бойынша өрт сөндірушілер оқиға орнына шамамен 3 минутта жетті.
Өрт сөндірушілер келген кезде үй толығымен жалынға оранған. Құтқарушылар үйден үш кәмелетке толмаған баланы тауып шығарып, жедел жәрдем бригадасына тапсырды. Алайда, ауруханаға жеткізілгеннен кейін екі бала көз жұмды.
Қазіргі уақытта өрттің шығу себептері анықталуда, тиісті ведомство сараптамалар тағайындады. Төтенше жағдайлар басқармасы тұрғындарды өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтауға шақырды, оның ішінде техникалық құрал-жабдықтарды қадағалау және балаларды жалғыз қалдырмау қажеттігі туралы еске салды.