Қоғам

Асқар Забикулин: Өз заманының батыры

Асқар Забикулин: Өз заманының батыры

Асқар Ақмола облысы Біржан сал ауданының шағын ғана елдімекенінің тумасы. Ол күнделікті жұмысына барып, келіп болашаққа жоспар құрып жүрген қарапайым азамат еді. Қазір Асқар Забикулиннің есімі батылдық пен адалдықтың символына айналды. Асқардың өз өмірін құрбан етіп, жанып жатқан жалын өрттің ішінен адамдарды құтқарған  батыл да қайсарлы қадамы қалың жұрттың мәңгі жадында қалды. Сол кездері біреуді өрттен құтқарып, батыр атану оның ойына кіріп шықпағаны анық. 

Қайсарлы жігіт биыл орда бұзар отыз жасқа келер еді. Өкінішке орай пешенесіне қамшының сабындай ғана қысқа ғұмыр жазылған екен. Оның артынан сүйікті жұбайы мен қос қанаты екі баласы қалды. Балаларының есінде өжет, адал әрі абзал жан ретінде қалғаны анық. Отбасыда ер жігіттің жауапкерлігі мен маңыздылығы мол жұмысын қолдап, әркез амандығын тілеп отырған. Әкесін мақтан тұтқан. 



Асқар бала кезінен өрт сөндіруші болуды армандаған. Оның адамдарға көмектесуге деген құштарлығы мен батылдығы осы салаға өзі алып келгендей. Асқар Забикулиннің әріптестері де жас  жігітті сыни жағдайларда тез шешім қабылдау қабілеті мен командада жұмыс істеу қасиеті үшін жоғары бағалаған. Қазірде әріптестері балаларын мектепке дайындауға көмектесіп, қолдау көрсетіп келеді. 

Асқар өз өмірін құрбан еткен қайғылы күн көпшіліктің өмірін мәңгілікке өзгертті. Сол күнді еске салып қарасақ, Оқиға 16 қарашада, сағат 10:43-те Астана қаласы, Бауыржан Момышұлы даңғылы, 14 мекенжайындағы пәтерде өрт туралы сигнал түскен кезде орын алды. Оқиға орнына тез шыққан өрт сөндірушілер үш минуттың ішінде келді. Өрт он бес қабатты үйдің он бірінші қабатындағы пәтерде пайда болды, онда өрт элементі жанып, қалың түтін пайда болды. Барлау кезінде өрт сөндірушілер көмекке мұқтаж тұрғындардың дауыстарын естіп, дереу құтқаруға бет алды. Олар ондаған адамды эвакуациялап, қауіп төнген бес адамды шығарды. Ерлік көрсеткендердің арасында өрт сөндіруші Асқар Забикулин де бар.

Батырдың өзі қызмет еткен  жұмыс орны яғни Астанадағы төтенше жағдайлар Департаменті оның батылдығы мен жанқиярлық көмегін жоғары бағалады. 

Өрт сөндіру қызметінің жедел кезекшісінің көмекшісі Асқар Забикулин қызметтік борышын орындаудағы  өжеттігі үшін I дәрежелі "Айбын" орденімен марапатталды. Өкінішке орай,  батыр жігіттің бұл марапаты өмірінің құнымен тең болды.

Оқиға орнында үйдің терезесінен кіру үшін Асқар үстіндегі арнайы формасын шешуге мәжбүр болған. Еш ойланбастан, лаулап жатқан үйге кіріп, үш адамды құтқарып шығарған. Алайда, құтқару процессі кезінде өрт сөндірушінің денесін сексен пайыз өрт шалған. Ақ халаттылар дер кезде жетіп, оның өмірін құтқарып қалуға тырысқанымен, бірнеше күннен кейін Асқар көз жұмды. Бұл оқиға барлық қазақстандықтардың жүрегін қақ айырған, қайғылы жағдай болды.

Асқар дүниеден өткеннен кейін оның отбасына 3 бөлмелі пәтер берілді. Баспана демеушілердің қаражатымен Астана қаласынан алынды.

Биылғы жылы қаңтар айында Асқар Забикулиннің құрметіне оның туған өлкесінде яғни Көкшетау елінде ескерткіш орнатылып, қала тұрғындары үшін құрметке ие болды. Болашақ ұрпақ үшін оның ескерткіші мәңгі сақталмақ. 



Одан кейін Астанадағы Құтқарушылар саябағында марқұмға арналған естелік тақта орнатылды. Батырдың есімі мәңгі есте қалу үшін Нұра ауданында көшенің аты берілді. Сондай ақ, Асқар Забикулиннің отбасына оқуға түсуге грант бөлінді. Атыраудағы жоғарғы оқу орындарының бірі оның екі баласына оқу бітіргесін, білім грантын бөлуге уәде етті.  Ал зайыбы Әнел Забикулина үшін «Адам ресурстарын басқару» мамандығы бойынша МВА-да оқуға грант бөлінді.



Кино индустрия мамандары да батырдың  оқиғасынан шабыт алып, ол туралы фильм түсірді. Ол «Қаһарман» деп аталады. Өрт кезінде опат болған батыр бейнесін насихаттайтын сериалдың сюжеті халық қаһарманы Асқар Забикулинге қатысты шынайы оқиғаларға негізделген.

Онымен қоса өткен жылы Астана қаласында да ескерткіш-бюст Керей-Жәнібек хандар көшесіндегі Асқар Забикулиннің есімімен аталатын өрт сөндіру бекетінің алдына қойылды. Кейіннен өзі қызмет еткен нөмірі алтыншы өрт сөндіру бекетіне батырдың есімі берілген еді. 



Асқар жас болса да артынан өшпес із қалдырғаны анық. Оның аты аталған сәтте әр қазақ баласының жүрегі дір етпей қоймайды. Оның батылдығы қазіргі күні жаны қайсар, өжет әрі қаhарман азаматтардың барының айқын дәлелі. Ол бүгінгі күннің батыры.