Жаңалықтар

Отандық ғалымдар күйікті емдейтін таңғыш ойлап тапты

Отандық ғалымдар күйікті емдейтін таңғыш ойлап тапты

Идея авторларының мәлімдеуінше, «X-Graft» деген атауға ие биологиялық жабын ауыр күйік шалған, қант диабеті, онкологияға шалдыққан науқастардағы терең жараны емдеуге таптырмас құрал. 

«Сиырдың париетальды қабырғалық ішастарынан жасалған таңу материалы терең және ұзақ емделмейтін жараларды емдеуге арналған, сонымен қатар трофикалық жараларды уақытша таңу шін қолданылады. Емдік қасиеттері бойынша бұл биологиялық жабын шетелдік аналогтардан кем емес, себебі коллаген мен эластиннің табиғи талшықтарынан жасалған, әрі адам терісіне ұқсас биомеханикалық қасиеттерге ие. Сондай-ақ, жабынды стоматологияда қызыл иектің көлемін ұлғайтуға және тіс имплантының айналасындағы жұмсақ тіндердің көлемін арттыру үшін қолдануға болады», - дейді биотехнолог-ғалым Вячеслав Огай.

Бүгінгі таңда биологиялық жабын Қарағанды қаласындағы профессор Х.Ж. Мақажанов атындағы көп салалы ауруханада және Алматы қаласының №4 клиникалық ауруханасында клиникалық зерттеулерден сәтті өтіп, нәтижесін көрсетті. Зерттеуге жарасының көлемі 5-30%, II – III АБ дәрежелі күйіктері бар 120 науқас қатысты. Зерттеу нәтижелері бойынша қарапайым дәке таңғыштарымен салыстырғанда биологиялық жабын сауығу процесін едәуір жылдамдатады, жараның бетіне зақым келтірмейді, неоваскуляризация мен реепителизацияға байланысты зақымдалған терінің функционалды қалпына тез келуіне ықпал етеді.

«Идеяның авторы – марқұм дәрігер-комбустиолог Қабылбек Әбуғалиев екенін атап өткім келеді. 2011 жылы ол Биотехнология орталығына келіп, елде донор терісінің тапшылығы бар екенін айтты. Проблеманы азайту үшін ірі қара көкетінің шандырынан тиімді таңғыш жасайық деген ұсыныс білдірді. Әріптестерімізбен зерттеу жұмыстарын жүргізіп, жануардың жасушасын алып тастаудың оңтайлы технологиясын таптық. Сиырдың париеталды қабырға көкетінің шандырынан жасалған таңғыш материал терең және ұзақ уақыт емді қажет ететін жараларды емдеуге арналған. Емдік қасиеті бойынша бұл биологиялық жабын шетелдік баламалардан кем түспейді. Себебі коллаген мен эластиннің табиғи талшықтарынан жасалған, әрі адам терісіне ұқсас биомеханикалық қасиетке ие», - деді Вячеслав Огай.

Сонымен қатар, биологиялық жабын дәке таңғышымен салыстырғанда науқастың терісінің дермисін жылдам қалпына келтіріп, бұл өз кезегінде науқастардың ауруханада аз уақытта емделуіне әкеледі. Зерттеуге қатысқан дәрігерлердің айтуынша, «X-Graft» биологиялық жабынын қолдану оңай және жараларды таңуға қолайлы, сондықтан болашақта терең жараларды емдеу үшін клиникалық тәжірибеге енгізілуі тиіс.

«Біздің «X-Graft» биологиялық жабыны медициналық құрал ретінде Қазақстан мен ЕАЭО елдерінде мемлекеттік тіркеуден өтіп, клиникалық тәжірибеге енгізілгеннен соң, еліміздегі медициналық қызметтер деңгейі көтеріліп, науқастардың да өмір сүруі жеңілдейді. Сонымен қатар, ауқымды және терең күйіктері бар науқастардың өлімінің саны әлдеқайда төмендейді деп санаймыз»- деді В.Б.Огай.

Айта кетейік, аталмыш жоба ҚР БҒМ, ҚР ЦДИАӨМ, «Өнімді инновацияларды ынталандыру» бағдарламасы мен Дүниежүзілік банктің қолдауымен жүзеге асырылуда. Құрал қазіргі кезде клиникалық сынақтардан өтіп,  Қазақстанда тіркелу сатысында.