Жаңалықтар

Оралдық кәсіпкерді өлтірген күдіктілер ұсталды: жаңа деректер айтылды

Оралдық кәсіпкерді өлтірген күдіктілер ұсталды: жаңа деректер айтылды

Полицейлер оралдық кәсіпкер Еркін Мұханғалиевті өлтірді деген екі күдікті ұсталғаны туралы кейбір мәліметті айтты, - деп хабарлайды Tengrinews.kz.

Тәртіп сақшылары мәліметінше, оқиға "Рахат-лукум" караоке клубында болған.

"Оқиға болған жердің маңында орнатылған бейнебақылау камераларының бәрін тексердік. Жазбаларды зерттей келе, олар қай бағытта қашқанын анықтадық. Кейін куәгерлердің айтуы бойынша, олардың Көктем саяжайындағы орнын анықтадық. Осыдан кейін жедел топтар құрылды. Олар саяжайлардың бірінің аумағында, көшеде ұсталды.

Ұстау кезінде олар қарсылық көрсетпеді. Оқиға орнынан қылмыс қаруы тәркіленді. Оларда басқа қару болған жоқ. Тұтқындау кезінде ұсталғандардың бірінің сақалы аздап өзгергені байқалды. Ол сыртқы келбетін сәл өзгертті деген болжам бар. Оның деструктив діни ағым ұстанатыны расталған жоқ", - деді БҚО ПД бастығының бірінші орынбасары, полиция полковнигі Жанболат Жаншин арнайы брифингте.

Ол Оралда күдіктілерді іздеуге Ұлттық ұланмен бірге 270-ке жуық қызметкер тартылғанын атап өтті. Сондай-ақ, жақын маңдағы учаскелердің полицейлері де бағдарлау жұмыстарын жүргізген.

Еске салайық, оқиға 6 тамызда кешке болған еді. Еркін Мұханғалиевтің мәйіті П.Атоян атындағы стадион тұрағынан табылған болатын. Сонымен қатар, кәсіпкерге кафеде шабуыл жасалғаны анықталды. Кейінірек күдіктілердің жеке басы анықталды, олар - кісі өлтіргеннен кейін оқиға орнынан қашып кеткен 31 жастағы Руслан Қожантаев пен 21 жастағы Тұрлан Амангелді.

Полицейлер Оралдан шығатын және кіретін жолдарды тексерген, күдіктілер баруы мүмкін деген жерлер тексерілген. Қылмыскерлерді ұстауға күш құрылымдары жұмылдырылған.

Артынша оралдық кәсіпкерді өлтірген сәттің видеосы тараған еді. Кадрда кәсіпкердің екі жігітпен дәмханада қалай сөйлесіп жатқаны көрсетілген. Кенет жанжал басталып, жігіттердің бірі кәсіпкердің мойын тұсына пышақ сұғып алған. Содан кейін ол тағы бірнеше рет ұрады. Жарақат алған Мұханғалиев терезеден шығып үлгереді, бірақ олар қуып жетіп, көшеде тағы 15 рет пышақтаған. Кәсіпкер жедел жәрдем келгенше, қайтыс болған.

"Куәгерлердің айтуынша, кісі өлтіруге басты себеп - жалақының төленбеуіне байланысты туған тұрмыстық жанжал", - деді БҚО полиция департаментінің баспасөз қызметіндегілер.