Орал халықаралық әуежайы ресейліктердің меншігіне өтті
Ресейлік компания Оралдағы халықаралық әуежайды сатып алды, деп хабарлайды KazFace.kz. Бұл туралы "Аэропорты регионов" УК ресми мәлімдеді.
Олар қазақстандық серіктестерімен бірлесіп, Мәншүк Мәметова атындағы Орал халықаралық әуежайының оператор компаниясы - "Орал "халықаралық әуежайы" ЖШС-ны сатып алу жөніндегі келісімшартқа отырған. Осылайша Ресейлік холдинг оны транзиттік хаб ретінде дамытуға ниетті.
- Әуежайдың Қазақстанның солтүстік-батысында бізге ыңғайлы орналасуы мұнда транзиттік тасымалдарды жүзеге асыруға және оның базасында өңірлік хаб қалыптастыруға мүмкіндік береді. Жаңа инвестордың келуі және жетекші әуежай компаниясының құзыреттерін енгізу әуе торабын одан әрі дамыту үшін елеулі перспективалар тудырады, - делінген компания хабарламасында.
Сондай-ақ, компания 2022 жылы Орал қаласында жаңа жолаушылар терминалы салынғанын атап өтті. Сондықтан инвестиция негізінен арнайы техникаға, технологияларға және сервистерге бағытталатын болады.
Айта кету керек, "Аэропорты регионов" УК - РФ территориясындағы өңірлік әуежайларды басқаруды жүзеге асыратын Ресей әуежай холдингі. Бас директоры - Евгений Чудновский. Компанияның штаб-пәтері Мәскеуде орналасқан.