«Оператор РОП» ЖШС мен шенеуніктер 180 млрд теңгені жымқырмақ болған
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет Бас прокуратураның үйлестіруімен «Оператор РОП» ЖШС-ның 180 млрд теңге көлеміндегі қаражатты жымқыруының алдын алды.
Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің лауазымды тұлғалары мен «Оператор РОП» ЖШС басшылығы электр қуатын өндіретін 6 қоқыс жағатын зауыт құрылысын жеке ұйымның заңсыз қаржыландыруы арқылы кәдеге жарату төлемі түрінде жиналған 180 миллиард теңгені жымқырмақ болған.
Бұл ретте департаментте нақтылағандай, электр қуатын мемлекет 15 жыл бойы негізсіз жоғары тарифпен сатып алуға және жеке компанияны миллиардтаған табыспен қамтамасыз етуге кепілдік берген.
Экология вице-министрі мен «Оператор РОП» ЖШС-нің бұрынғы басшылары қамауда отыр. Кінә бойынша соңғы шешімді сот анықтайды.
Ведомство тергеу мүддесіне сай басқа мәліметтер жария етуге жатпайды.
Еске салсақ, Экология, геология және табиғи ресурстар экс-вице-министрі Ахметжан Пірімқұлов пен «Оператор РОП» ЖШС-ның бұрынғы басқарма төрағасы Медет Құмарғалиев екі айға қамауға алынды.