Оңтүстікте жер сілкінді: Халық түнделетіп дала кезіп жүр
ҚР Төтенше жағдайлар министрлігі «СОМЭ» ЖШС сейсмикалық станциялар желісі 23 наурыз күні сағат 22:47:30 Қазақстанның оңтүстігінде жер сілкінісі тіркелгенін мәлімдеді, деп хабарлайды KazFace.kz.
Жер сілкінісінің ошағы Алматыдан оңтүстік-батысқа қарай 848 шақырым қашықтықта, Ауғанстан аумағында орналасқан.
«Жер сілкінісінің энергетикалық класы - 16.1. MPV магнитудасы - 7,8. Эпицентр координаттары - 37,00° солтүстікке қарай - 71,12° E. Тереңдігі - 120 км», - деп жазды «СОМЭ» ЖШС.
МСК-64 шкаласы бойынша зілзала Шымкент, Тараз қалаларында 3 балдық, Алматы, Түркістан, Қызылорда аймақтарында 2 балдық деңгейде сезілді.
Дегенмен, оңтүстік жұрты жер сілкінісі қатты сезілгенін, жиһаздардың қозғалғанын айтады. Үрейленген халық үйлерінен қашып шығып, түнделетіп дала кезіп жүр. Алдын ала ақпарат бойынша ғимараттардың қирау фактілері тіркелмеген.