Оңтүстік Кореяда оппозиционер президент болып сайланды
Оңтүстік Кореяда "Азаматтық күш" оппозициялық партиясының атынан сайлауға қатысқан Юн Сок Ель президент болып сайланды. Ол бұрын елдің бас прокуроры қызметін атқарған, деп хабарлайды Газета басылымы.
Елдің бұрынғы бас прокуроры 48%-ға жуық дауыс жинаған. Осылайша ол Демократиялық партия атынан сайлауға түскен Ли Чжэ Меннен бар-жоғы 1%-ға басым түскен. Сайлауға тұрғындардың 77%-ы қатысқан. Ал коронавирус жұқтырғандарға арналған жеке дауыс беру бөлімшелері ұйымдастырылды.
Сайлауға бір апта қалғанда "Халық партиясынан" ұсынылған Ан Чхоль Су өз кандидатурасын Юн Сок Ельмен біріктіретінін мәлімдеді.
Ұлттық ассамблеяда сөз сөйлеген 61 жастағы Юн Сок Ель сайлау нәтижесін тек өзінің және партия жеңісі ғана емес, "халық жеңісі" деп атады. Ол өзге де үміткерлерге алғыс білдіріп, алдағы уақытта "Демократиялық партиямен" серіктес болуға уәде берді.
Жаңа президент Кореяда жұмыс орындарын көбейтуді, бизнеске жағдай жасап, пандемия кезінде экономиканы қалыпқа келтіріп, мемлекеттік органдар жұмысын тиімді етуді қолға алмақшы.
Қазіргі үкімет басындағы партия үміткері Ли Чжэ Мен Юн Сок Ельді құттықтап, ұлт бірлігін нығайту үшін алауыздықты жоюға шақырды.