Олжас Бектенов Almaty SuperSki тау шаңғысы курортын 2028 жылғы желтоқсанда іске қосуды тапсырды
Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Олжас Бектенов Kazakh Tourism Development Ltd. компаниясының Директорлар кеңесінің отырысын өткізіп, Almaty SuperSki жобасының іске асырылу барысын қарады, деп хабарлайды KazFace.kz
Компанияның бас атқарушы директоры Ержан Еркінбаевтың мәліметінше, құрылыс жұмыстары бекітілген кестеге сәйкес қарқынды жүргізілуде. Қазіргі уақытта француздың POMA компаниясымен бірлесіп, аспалы жолдардың іргетасын құю жұмыстары басталған. Сонымен қатар аспалы жолдардың жабдықтары жобаның техникалық талаптарына сай дайындалып жатыр.
Жобаға отандық кәсіпорындар да тартылуда. Атап айтқанда, POMA компаниясы аспалы жолдардың жекелеген құрылымдық элементтерін өндіру үшін қазақстандық өндірушіні біліктілік талаптарына сай деп таныды. Бұл отандық өнеркәсіпке жаңа технологиялар мен өндірістік тәжірибені енгізуге мүмкіндік береді.
Отырыс барысында жобаның сәулеттік тұжырымдамасын іске асыруға қатысатын халықаралық компаниялар да анықталды. Швейцариялық Blumer-Lehmann компаниясы негізгі және жоғарғы станциялардың ағаш конструкцияларын жобалау мен дайындауға жауапты болады. Ал Данияның Bjarke Ingels Group компаниясы канадалық Ecosign мамандарымен бірлесіп, тау шаңғысы ауылының тұжырымдамасын әзірлейді.
Премьер-министр жобаның туризмді дамытудағы маңызын атап өтіп, құрылыс қарқынын жеделдетуді тапсырды. Негізгі міндет – Almaty SuperSki тау шаңғысы курортын 2028 жылғы желтоқсанда пайдалануға беру.
Жоба халықаралық стандарттарға сай заманауи туристік инфрақұрылым қалыптастырып, Алматының туристік әлеуетін арттыруға бағытталған.