Қазақстанда онлайн-платформалардың жауапкершілігі күшейтіледі — Kazface.kz
Жаңалықтар

Қазақстанда онлайн-платформалардың жауапкершілігі күшейтіледі

Қазақстанда онлайн-платформалардың жауапкершілігі күшейтіледі

Қазақстанда медиа саласындағы заңнаманы жетілдіруге бағытталған бірқатар өзгеріс ұсынылды. Қазақстан Республикасының Құрылтайында онлайн-платформалар мен масс-медиа мәселелеріне қатысты заң жобалары бірінші оқылымда қаралды, деп хабарлайды KazFace.kz 


Заңнамалық түзетулер азаматтардың құқықтарын қорғауға, балалардың интернеттегі қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, ақпараттық кеңістіктің ашықтығын арттыруға және онлайн-платформалардың жауапкершілігін күшейтуге бағытталған.
 

Атап айтқанда, онлайн-платформаларды Қазақстанда ресми өкілдік ашуға міндеттеу және құқыққа қайшы контентті жою туралы нұсқамаларды орындамағаны үшін жауапкершілік белгілеу ұсынылады. 2026 жылдың алғашқы 10 айында құқыққа қайшы 128,5 мың материал анықталып, олардың 70 пайызға жуығы жойылған.


Сонымен қатар жазылушыларының саны бес мыңнан асатын пайдаланушылар мен жария қоғамдастықтарды сәйкестендіру тетіктері қарастырылған.


Балалардың цифрлық қауіпсіздігіне де ерекше назар аударылмақ. 16 жасқа толмаған балалардың онлайн-платформаларда тіркелуіне шектеу қою және пайдаланушылардың жасын тексеру тетіктерін енгізу ұсынылады. Бұл талаптар ата-аналармен, жақындарымен және мұғалімдермен байланысуға арналған мессенджерлерге қолданылмайды.


Бұдан бөлек, онлайн-кинотеатрлар мен аудиовизуалды платформалардың қызметін заңнамалық реттеу көзделген. Атап айтқанда, теле- және радиоарналарды мұндай платформалар арқылы тарату тәртібін лицензиялау, сондай-ақ онлайн-кинотеатрлардың Қазақстандағы заңды өкілдерін айқындау ұсынылады.


Заң жобаларында азаматтардың ар-намысы мен қадір-қасиетін, сондай-ақ өз бейнесіне құқығын қорғау тетіктері де күшейтіледі. Онлайн-платформаларда жала жапқаны және масс-медиа мен онлайн-платформаларда былапыт сөздер қолданғаны үшін әкімшілік жауапкершілік енгізу қарастырылған.


Сонымен бірге мемлекеттік органдардың бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланатын ресми жауаптарын арнайы белгімен көрсету, оқыту курстары мен оккульттік қызметтер туралы ақпараттың ашықтығын арттыру ұсынылады.


Жалпы, ұсынылып отырған өзгерістер цифрлық кеңістіктегі қауіпсіздік пен жауапкершілікті арттыруға, азаматтардың құқықтарын қорғауға және медиа саласындағы қызметті реттеудің бірыңғай әрі түсінікті жүйесін қалыптастыруға бағытталған.