Сұхбат KazFace.kz

"Өлеңді өзім үшін шығарамын": Айдана Сегізбаева

"Өлеңді өзім үшін шығарамын": Айдана Сегізбаева

Алмагүл ТАСТАНОВА

Қазақстан дауысы жобасының тұңғыш жеңімпазы Шахаризат Сейдахметтің көп әндері халықтың үдесінен шығып, ықыласқа бөленді. Ал әншінің орындап жүрген әндерін кім жазған? Авторы кім?

Ол шырайлы Шығыстың тумасы ақын Айдана Сегізбаева. 1990 жылы 28 қыркүйекте Үржар ауданында дүниеге келген. Семей мемлекеттік педагогикалық институтының қазақ филологиясы факультетінің түлегі. Республикалық, облыстық айтыстарының және жыр мүшәйларының жеңімпазы. Халықаралық "Шабыт" шығармашыл жастар фестивалінің лауреаты. 

Эстрада әншілерінің хитке айналған біраз туындылары Айдана Сегізбаеваның қаламынан туған.

Әсіресе Шахаризат Сейдахметтің орындап жүрген "Музам" әні халық арасында біраз танылып үлгерді. 

Ақындық өлкеде қалам тербеп, кешегі Фаризалардың ізін жалғай білген автормен сырласқан едік.

Сұқбатты оқи отырыңыздар. 

-Өлең өлкесіне қалай келдіңіз, ұстазыңыз кім? Ал өзіңіз өмірін өлеңмен өрнектей білген шәкірт тәрбиелей алдыңыз ба?

-Ең алдымен, өлең өлкесінде қолтаңба қалдырдым деп айта алмаймын. Жалпы өлеңді өзім үшін шығарамын. 

Өлеңде ұстаздық ететін - жүрек. Кімнің жүрегі қаншалықты шынайы сүйе алады, кімнің жүрегі шыншыл, соның өлеңі ең әдемі. Мен ешкімге ұстаз бола алмаймын, себебі әркімнің жүрегі әлемді әр түрлі қабылдайды. Әр жанның махаббатқа көзқарасы әр түрлі. Мен жанашыр әпке, қамқор дос, не қарындас, не сіңілі бола аламын. 

-Өлеңдеріңіз бір жинақ боп шығуға дайын екен. Жыр жинақтың таныстырылымы қашан өтпек?

- Жалпы, кітап шығарып, одақтарға мүше болып жүйенің ішінде жүруге асықпаймын. 

Өлеңдерім шынымен, жинақ болып дайын тұр. Дегенмен, ең алдымен ат жасағым келеді. 

"Бұл кімнің кітабы?" дегізбей, "Айдананың кітабы бар ма екен?" деп сұрайтындай халге жеткім келеді.

Керемет болып алдыға өсіп кетемін дегенім емес, жанжақтың қабағын аңдымай, өзіме шынайы болып үйреніп алғасын өлеңдерім еркіндік алатындай көрінеді. Кез-келген қадамның алғашқысы ерекше. Алғашқы жыр-жинағыма қоятын талаптарым көп. Өзімнің тарабымнан өзіме толыққанды разы емеспін. 

- Әдебиетте өлеңдеріңізге баға мен пікірді кімнен алғыңыз келеді?

- Қанша ақын болса, сонша оқырман бар. Егер біреудің " ақын " деген аты шықса, оны ақын ретінде құрметтейтін оқырмандар саны бар деген сөз. Алдыңғы буынның бәрі өнерлі шығар, бірақ бәрі ақылды, бәрі мәдениетті деп айта алмаймын. Бірі кейінгі буынды көтере алмайды, енді бірі қартайғысы келмейді. 

Жүрегі қартаймайтын отты өлең иелері екенін түсінемін, дегенмен олар мақтап баға берсе мен өсіп кетпеймін, жамандай қалса кішірейіп қаламын. Мен өлеңдерімді өмірді мен секілді сезінетін жандарға арнаймын. Жаным солармен бірге, солардың көңілінен шықса, басқа бағаның қажеті жоқ. 

-Эстарада жұлдыздары әндеріңізді шырқап жүр. Бірталай халықтың көңілінен шығып, өз тыңдармандарын тапты. Алдағы уақытта кімнің орындауында ән жазғыңыз келеді?

- Маған лирикалық әндер қатты ұнайды. Мұңға жақын болмысымның жазатыны да осы бағыттағы өлеңдер. Сондықтан әнімді кім орындаса жанын жеп орындағанын қалаймын. Сахналардан керемет би көресің, керемет ән тыңдайсың, бірақ оның таза техникаға ғана құралғанын сезінесің. Сол секілді өлеңдер де болады.

Сөздерді көркем, буындары дәл, бірақ жаны жоқ. Кейде ұйқастан кеткен қарапайым шумақтарды ұмыта алмай ұзақ ойлайсың. Әннің сөзі сазбен үйлесім тапқанда ғана ғұмырлы болады. Сенің өлеңіңді сендей сезетін сазгер табу, оны авторлардай сезінетін әнші табу - үлкен бақыт. Әйтеуір бір күні сол бақытқа жеткім келеді.

Айдана, салиқалы сұқбатыңызға рақмет! Сізге шығармашылық табыс тілейміз!