Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаев туыстарының заң бұзғаны дәлелденсе, тиісті жазасын алуы керек деп санайды. Бұл туралы ол саясаттанушы
Данияр Әшімбаевқа телефон арқылы берген сұхбатында айтты.
Саясаттанушы Назарбаевтан заңсыз байыды деген күдікке ілінген туыстары туралы не ойлайтынын сұраған.
"Біз ұзақ жыл бойы Қазақстанда құқықтық мемлекет құрып келеміз. Оның негізгі қағидаты: заң – бәріне ортақ. Егер туыстарымның бірі заңды бұзу үшін менің атымды жамылса, онда олар тиісті жазаға тартылуы керек. Оның кінәсі сотта дәлелденуге тиіс. Әр азамат заңды түрде қорғануға құқылы екенін ұмытпаған жөн", - деді Назарбаев сұхбатында.
Елбасы күйеу баласы Рахат Әлиевке қатысты оқиғаны еске алды.
"Ол менің қызымның күйеуі болды. Ұлым сияқты еді, жиендерімнің әкесі болды. Бірақ соған қарамастан мемлекет оның заңға қайшы әрекеттеріне көз жұмып қараған жоқ. Қазақстан соты оны соттады. Бірақ ол қашып үлгерді, өмір бойы жасырынуға мәжбүр болды. Адам қызығарлық тағдыр емес", - дейді Назарбаев.
Ол өзі президент болған жылдары қазақ халқы үшін үлкен жұмыс атқарғанын атап өтті.
"Кейбірі мұны ұмытып барады. Халық дана және мұның бәрі оның есінде екеніне сенімдімін", - деді Елбасы.
Назарбаев Қазақстанның тәуелсіздік жылдарындағы толағай табыстарына тоқталды. Ол Қазақстанның экономикасы Орта Азиядағы бүкіл елдің экономикасынан екі есеге көп екенін, Қазақстан өңірдегі экономикалық лидер екенін атап өтті.
"Біз өз тәуелсіздігімізді нығайттық. Барлық көршімен шекарамызды шегеледік, қазіргі таңда біздің аумаққа қатысты даулы мәселе жоқ. Тәуелсіз болу үшін мемлекеттің әлем мойындаған шекарасы, қабілетті армиясы, ұлттық валютасы болуға тиіс. Мұның бәрі бұрын болған жоқ. Бұған біз мен президент болған жылдары, елді басқарған кезде қол жеткіздік", - деді Назарбаев.