Нұрсұлтан Назарбаев мешітте бата берді
Экс-президент Нұрсұлтан Назарбаев мешітте Қазақстанның амандығы үшін дұға жасады.
Оқырмандар Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Тәуелсіздік күні Астанадағы жаңа мешітке барғаны бейнеленген видео жолдады.
Видеодан Нұрсұлтан Назарбаевты мешітке келген жамағаттың қоршап тұрғанын байқауға болады. Тіпті жұрт бата сұрайды.
Мынандай Алланың үйі еш жерде жоқ. Ешбір елде, ешбір жұртта Тәуелсіздіктен артық бағасыз нәрсе жоқ. Тәуелсіздікті жариялағанымызға 31 жыл болды. Тарих үшін бір ғана мезгіл. Бұл мемлекетті дүниежүзіне паш еттік. Қазақ деген халықты дүниенің барлығы білді, терезесі тең ел болдық, Құдайға шүкір, барлығы бар. Жұмыс істеймін, бизнеспен шұғылданамын десе, ешкім кедей болмайды. Ең алдымен еңбек керек. Еңбектерімде де талай айтып жүрмін ғой.
Тәуелсіздігіміз ұзағынан болсын. Тәуелсіздік мәңгілік болуы үшін бәріміздің ауызбіршілігіміз болуы керек. Келер ұрпақ осы Тәуелсіздікті алтындай қолында, жүрегінде ұстауы керек. Ешкімге бермеуі керек. Сонда келе жатқан артымыздағы ұрпақтың жүзі жарқын болады. Құдай бұйыртса, ұрпағымыз бұл күндерді еш уақытта ұмытпайды, есіне алып жүреді, - деді Назарбаев жұртшылық алдында.
Еске салайық, 12 тамызда Астанада жаңа мешіт ашылды. Ол Орталық Азиядағы ең ірі мешіттердің бірі және оның салтанатты ашылуының басты қонағы Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев болды.
Бұл мешіт экс-президенттің ұсынысымен салынды, сондықтан халық оны «Назарбаевтікі» деп атап кеткен. Дегенмен, ресми атауы – Қазақстан Республикасының бас мешіті.