Нұрсұлтан Назарбаев Елбасыны ұлы саясаткер санайды
Нұрсұлтан Назарбаев 1989 жылы Ташкентте дүниеге келген, ата-анасы Тәуелсіздік жылдары Түркістан облысына көшіп келеді. Дәл сол жылы Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың халық арасында абыройы артып, құрметті бола бастаған шағы еді.
Сондықтан ата-анасы ұлдарының атын Қазақ президентінің құрметіне қойған. Ал тегі Назарбай атасының аты. Нұрсұлтанның әкесі Әлихан Назарбайұлы Сағындықов Шымкентте танымал дәрігер.
Бала кезімнен ел президентімен аттас болу маған үлкен жауапкершілік жүктеді. Сабақты жақсы оқуға, бәрінен бірінші болуға, әрқашан дұрыс жүріп-тұруға тырыстым. Медициналық колледжді үздік бітіріп, содан кейін С.Асфендияров атындағы медициналық университетке түстім. Ол уақытта отбасымызда үш бірдей студент болды, сол себепті жағдайға қарай Шымкенттің медициналық ЖОО-на ауысып, оны үздік тәмамдап шықтым. Магистратураны бітірдім, осы жылы докторантураны аяқтаймын, кардиохирургия бойынша ғылыми жұмыс жаздым, - дейді жас хирург.
Нұрсұлтан Назарбаевтың айтуынша, медициналық университетті бітіргеннен кейін ол түрлі ауруханаларда хирург болып жұмыс істеген. 2012 жылы NazMed отбасылық клиникасын ашады. Нұрсұлтанның әкесі де дәрігер, әпкелері, ағасы мен әйелінің де медициналық білімі бар. Анасы - педагог. Бірақ пандемия кезінде коронавирусқа шалдыққандарды клиникада емдеген кезде, анасы да қол ұшын созған.
Нұрсұлтан Назарбаев пандемия кезеңі өздері үшін өте қиын кезең болғанын айтады. Олар бүкіл отбасымен бірге клиникада бірнеше күн түней жүріп жұмыс істеген. Дегенмен, төккен тер босқа кетпегенін айтады. Шымкентте дәрігерлердің арқасында ковидтен өлім-жітім көрсеткіші елдің басқа өңірлеріне қарағанда мейлінше аз болған.
Нұрсұлтан Назарбаевтың екі ұлы бар, бірінің аты Айсұлтан, екіншісі – Нұртілеу. Кенжесінің де есімін Нұрсұлтан Назарбаевтың әкесі танымал қазақ журналисі Нұртілеу Иманғалиұлының құрметіне қойған көрінеді. Айсұлтанның тегі Назарбаев емес, Налихан. Атасының атын алған.
Келесі ұлды Қасым-Жомарт деп атайсыз ба деген сұраққа Нұрсұлтан Назарбаев келесі бала қыз болса деп армандайтынын жеткізді.
Нұрсұлтан Назарбаев өзімен аттас Елбасыға қатысты Тұңғыш президент ел үшін көп жұмыс жасады, деп санайды.
Оның басшылығы мен саясатының арқасында біз отыз жыл бойы бейқам өмір сүріп, бейбіт уақытта оқыдық, жұмыс істедік, үйлендік, ертеңгі күн туралы алаңдамай, дүниеге ұрпақ әкелдік. Ал қазір көңілде елдің қауіпсіздігіне қатысты алаңдаушылық бар, өйткені Украинада не болып жатқанын бәріміз көріп отырмыз.
Нұрсұлтан Назарбаев туралы не жазса да, мен үшін ол еліміздің ұлы, мықты саясаткері әрі тарихи тұлғасы болып қала береді, - деді Назарбаев KazFace.kz тілшісіне берген сұхбатында.