Nestlé Қазақстанда тағамдарын кері қайтарып жатыр
Балауса ЖАҚСЫБАЙ
Nestlé компаниясы Қазақстан аумағында балалар тағамының шектеулі партияларын ерікті түрде кері қайтарып жатыр, деп хабарлайды KazFace.kz.
Бұл шешім жаһандық алдын алу шаралары аясында қабылданған.
Компания мәліметінше, сыртқы жеткізушіден алынған ингредиент — арахидон қышқылында цереулид токсинінің болуы мүмкін деген қауіп анықталған. Цереулид — Bacillus cereus бактериясы бөлетін улы зат, ол қайнату кезінде жойылмайды және тағамнан улануға әкелуі мүмкін.
Кері қайтару 2026 жылғы 5 қаңтардан бастап жүзеге асырылып жатыр. Оған NAN 1, NAN 2 OPTIPRO, NAN қышқыл сүтті, лактозасыз NAN, сондай-ақ ALFARE Amino өнімдерінің жекелеген партиялары кіреді.
Nestlé бұл жағдай туралы уәкілетті органдарды хабардар еткенін және тұтынушыларға толық ақпарат беруге дайын екенін мәлімдеді. Аталған партияларды сатып алған азаматтар өнімді nestlebaby.kz сайтында көрсетілген тәртіппен қайтара алады.
Компанияның айтуынша, кері қайтару тек шектеулі партияларға қатысты, басқа балалар тағамдарына әсер етпейді.