Назарбаевқа шұғыл ота жасалды
Бұл туралы экс-президенттің баспасөз хатшысы Айдос Үкібай әлеуметтік желіде хабарлады.
- Нұрсұлтан Назарбаевтың жүрегіне ота жасалды. Ота сәтті өтті. Тұңғыш Президенттің өміріне қауіп төніп тұрған жоқ. Қазір ол дәрігерлердің бақылауында, - деп жазды.
2,5 сағатқа созылған күрделі ота белгілі кардиохирург Юрий Пяның жетекшілігімен Ұлттық ғылыми кардиохирургия орталығында өтті. Тұңғыш президентке медициналық көмек міндетті әлеуметтік-медициналық сақтандыру қоры бойынша тегін көрсетілген.
Юрий Пя журналистермен кездесу барысында ота қандай диагноз бойынша жасалғанын айтпады. Оны
дәрігерлік құпияға салып, сұраққа астарлап жауап берді.
- Мен бұрын Нұрсұлтан Әбішұлына ол кісімен ғарышқа ұшқым келетінін айтқанмын. Себебі, оның жүрегі кең, керемет. Әрдайым солай болды және солай болып қала бермек. Ол ғарышқа ұша алады, - деді кардиохирург.
Дәрігер нені меңзегені белгісіз. Бірақ оның бұл сөзі желіге кең таралып, халықтың қызу талқысына түсті.