Назарбаев Антальяда Ердоғанмен кездесті
Елбасы Түркия Республикасының Президенті Режеп Тайип Ердоғанмен кездесті, - деп хабарлайды elbasy.kz сайты.
Нұрсұлтан Назарбаев Анталья дипломатиялық форумына қатысты. Мемлекеттер мен үкіметтер басшылары, саясаткерлер, дипломаттар, бизнес көшбасшылары, ғалымдар мен сарапшылар қатысқан жиында кең ауқымды мәселелер, соның ішінде "Дипломатияны қайта құру" деген жалпыға ортақ тақырып талқыланды.
Қазақстанның Тұңғыш Президенті Дипломатиялық форум аясында Режеп Тайип Ердоғанмен келіссөз жүргізді.
Елбасы Түркия Республикасының Президентіне халықаралық форумға қатысуға шақырғаны үшін ризашылығын білдіріп, қазіргі жаһандық геосаяси өзгерістер кезінде бұл жиынның маңызы ерекше екеніне тоқталды.
Режеп Тайип Ердоған Қазақстан мен Түркия арасында қарым-қатынастың қалыптасуы мен дамуына Нұрсұлтан Назарбаев қомақты үлес қосқанын атап өтті. Сондай-ақ Түркия Президенті түркі әлемі елдерінің интеграциялық процесін кеңейту әрі тереңдету ісіндегі Қазақстанның Тұңғыш Президентінің қызметіне жоғары баға берді.
Кездесуде тараптар күн тәртібіндегі ең өзекті халықаралық мәселелер бойынша пікір алысты. Олар Украинадағы әскери қақтығысты дипломатия және мемлекетаралық диалогты қалпына келтіру арқылы шешу бағытында күш-жігер жұмсаудың маңызды екенін айтты.