Жаңалықтар

"Наурыз" ипотекалық бағдарламасының шарттары өзгереді

"Наурыз" ипотекалық бағдарламасының шарттары  өзгереді

Балауса ЖАҚСЫБАЙ

"Отбасы банк" АҚ басқарма төрағасы Ләззат Ибрагимова «Наурыз» ипотекалық бағдарламасы бойынша таза әрлеудегі тұрғын үйдің бастапқы жарнасы төмендейтінін айтты, деп хабарлайды KazFace.kz.

Енді пәтерді таза әрлеумен таңдай отырып, қарыз сомасының небәрі 10 пайыз мөлшерінде қаржы енгізу жеткілікті. Банк салымшылары үшін жөндеуге қосымша несие алудың қажеті жоқ. Қымбаттау пәтерді таңдап, бірден дайын үйге қоныстануға болады. Ең төменгі жинақ сомасы – 2 миллион теңге.

"Талдау барысында екі мәселе анықталды. Біріншіден, көптеген сатып алушылар пәтердің дайын болғанын қалайды. Себебі жөндеу шығындары көбейеді. Осыған байланысты банк тұрғын үй-құрылыс компаниялары қауымдастығымен бірнеше кездесу өткізді. Енді таза әрлеудегі пәтерлер бойынша бастапқы жарна 20%-дан 10%-ға дейін төмендейді. Бұл – ынталандыру шарасы," – деді "Отбасы банкінің" басшысы.

Жаңа норма 2025 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енеді. Келесі жылы бағдарламаға 300 млрд теңге бөлу жоспарланып отыр.

"Бағдарламаға қатысу үшін депозитте тек 1 млн теңге болуы қажет деген шарт қойылған. Бірақ конкурс жеңімпазы қысқа мерзімде пәтер құнының 20%-ын төлеуі керек. Қазіргі уақытта 2500-ден астам өтінім берушінің тек 39%-ы 20% жарнаны төлеуге дайын. Сондықтан келесі жылы бағдарлама қатысушыларының депозитінде 2 млн теңге болуын ұсынамыз," – деп қосты Ибрагимова.

Айта кету керек, Қазақстанда "Наурыз" атты жаңа тұрғын үй бағдарламасы осы көктемде іске қосылған еді. Бұл туралы Қазақстан Республикасының президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Атырау қаласындағы Ұлттық құрылтайда жариялаған болатын.