Жаңалықтар

"Нәтиже жоқ!": Президент Экология министрін сынға алды

"Нәтиже жоқ!": Президент Экология министрін сынға алды

 

Мемлекет басшысы елорданы дамыту мәселелері жөнінде кеңесте Астананы сумен қамтамасыз ету мәселесін көтерді, деп хабарлайды KazFace.kz Ақордаға сілтеме жасап. 

"Бұған қоса, су қоймасы лайланып, ластанып жатыр. Мұны құзырлы министрлік білуге тиіс. Қойманың түбін тазалап, оны тереңдету керек. Астана су қоймасының бөгетін толық тексеріп, нығайту қажет. Оған Сәтбаев каналынан судың тұрақты келіп тұруын қамтамасыз еткен жөн. Осы шараларды дереу қолға алу керек", - деді мемлекет басшысы. 

Қасым-Жомарт Тоқаев экология министріне Астана су қоймасының жұмысын қолға алуды тапсырды. 

"Қойманың техникалық жағдайын шұғыл ретке келтіру қажет. Бұл – өте маңызды мәселе. Астанада бұдан басқа су көзі жоқ. Ашығын айтсақ, мұндай ахуал көптен бері жалғасып келеді, яғни бұл бір күнде пайда болған мәселе емес", - деді президент.

Сонымен қатар мемлекет басшысы Экология министрлігінің жұмысын сынға алды. 

"Бұған дейін Экология министрлігіне қаланы сумен қамтамасыз ету үшін кешенді жұмыс жасау тапсырылды. Бірақ, әлі күнге дейін нақты нәтиже жоқ. Тіпті, осы мәселені шешуге қатысты тиімді ұсыныстар да жоқ. Тағы да қайталап айтамын: құзырлы министрлік нақты шаралар қабылдауға тиіс", - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.