Мың айдан да қайырлы - Қадір түні
Биыл 23 наурызда басталған қасиетті Рамазан айы 20 сәуірде аяқталады. Ал Қадір түні сәуір айының 17-нен 18-не қараған түнге түсіп тұр, деп хабарлайды KazFace.kz Қазақстан мұсылмандары діни басқармасына сілтеме жасап.
Аталған басқарманың шариғат және пәтуа бөлімі 2023 жылғы діни күндер кестесін бекіткен болатын. Олардың пайымдауынша, Қадір түні 17 сәуірден 18 сәуірге қараған түні болса, Ораза айт 21 сәуірден басталады. Десе де, мүфтият діни мерекелердің нақты күндері жаңа айдың көрінуіне байланысты көрсетілген уақыттан бір күн шегерілуі немесе алға жылжуы мүмкін екенін ескертеді.
Жалпы Қадыр түні Рамазан айының соңғы он күнінің бірінде болады. Қадір түнінің белгілері жайында хадисте: "Қадір түні тұнық әрі жарық болып, айдың өзі бейне бір нұрға толы болады. Ол түн суық та ыстық та емес, тыныш та жайлы болып, таң атқанша жұлдыздардың ағып түсуіне тыйым салынады. Бұл түннің тағы бір белгісі, таңертең күн сәулесі, толған ай секілді түзу болып шығады әрі шайтандарға күнмен бірге жарыса шығуларына рұқсат етілмейді"- делінген. Яғни, бұл қасиетті түнде бұлт та, жаңбыр да, жел де болмайды.
Мұсылмандар бұл түнді барынша құлшылықпен, шын жүректен өкініп, күнәлары үшін кешірім сұраумен өткізуге тиіс. Таңға дейін Қасиетті Құран кітабын оқып, дұға жасаған абзал.
Айта кету керек, Қадір түні жасалған ғибадат 83 жылдық сауапқа пара-пар. Жалпы "Қадір" деген сөздің өзі араб тілінен "тағдыр" деген мағына береді. Сол себепті, бұл түнде адамның бір жылдық тағдыры ғана емес, ризық-несібесі де жазылады.