Жаңалықтар

Мұхтар Жәкішев тағы әке атанды

Мұхтар Жәкішев тағы әке атанды

Бұрынғы "Қазатомөнеркәсіп" ұлттық компаниясын басқарған Мұхтар Жәкішев YouTube-арнасындағы сұхбаттарының бірінде жеке өмірі туралы айтып, тағы әке атанғанын мәлімдеді, деп хабарлайды KazFace.kz.

Мұхтар Жәкішев 1998-2009 жылдар аралығында уран өндіретін «Қазатомөнеркәсіп» компаниясының басшысы болған. 

2009 жылы ол «Қызметтік өкілетін асыра пайдаланды» және «Мемлекеттік қаражатты жымқырды» деп айыпталып, 14 жылға бас бостандығынан айырылған.

Онымен қоса, 2012 жылы маусым айында Мұхтар Жәкішектің үстінен тағы бір іс қозғалып, оған "Ірі көлемдегі алаяқтық" (қылмыстық кодекстің 177-бабы) және "Өзіне сеніп тапсырылған бөтен мүлкін иемденіп, шығындау" (176-бап), "Заңдастыру" (193-бап), "Қылмыстық топ құру" (235-бап), "Қызметтік өкілетін асыра пайдалану" (307-бап) баптары бойынша айыптар тағылып, 10 жылға бас бостандығынан айыру жазасы белгіленген. Бұл жаза кейін бұрынғы 14 жылдық жазамен біріктіріліп, қатаң режимдегі колонияда жазасын өтеуге үкім шыққан. 

Бірақ мерзімінен бұрын босап, түрмеде 11 жыл отырып шыққан Жәкішев қазіргі таңда әлеуметтік желіде өзінің белсенділігін танытып жүр. 

Арманжан Байтасовқа берген сұхбатында жуықта әке атанған қуанышымен бөліскен. Оның айтуынша, бұл екінші әйелінен сүйген екінші қызы екен. 

- Динарамен қарым-қатынасымыз 2015 жылы басталды. Ал 2016 жылы қызым дүниеге келді. Оны әлеуметтік желіде көріп те жүрген шығарсыздар. Есімі - Айлин. Алғаш Айлинді 30-күндігінде көрдім. Кейін Динара әр 3 ай сайын кездесуге алып келіп тұрушы еді. Бұл мен үшін үлкен қолдау болды. Қиындықты жеңіп шығуға дем берді. Динараның осы жақсылығы үшін менің алғысым шексіз. Өйткені ол баланы жалғыз өсірді. Бүкіл қиындық мойнына түсті. Жақында өмірге екінші қызым келді, - деп ағынан жарылды ол.

Осы орайда үлкен сұрақ туындайды. 2009 жылдың мамырынан басы дауға қалып, істі болған Жәкішев түрмеде отырып екінші әйелін қалай тапқан?

Тағы бір сұхбаттың қызықты тұсы, экс-кәсіпкер шартты түрде түрмеде отырды деген жылдары "Әйеліммен ажырастым, бөлек тұрдық" деп сөзден ұсталуы. 

- Мен жеке өмірім жайлы көп айтпаушы едім. Өйткені балаларым әкесінің атағымен жетістікке жеткілері келмеді. Жәмиламен біз ресми түрде 2013 жылы ажырастық. Бірақ құжат рәсімдеу жағы басымдағы жағдайларға байланысты сәл созбаланып кетті. Десе де, Жәмила екеуіміз бөлек тұруға шешім қабылдадық. Ол балалардың тәрбиесімен өзі айналысты. Жәмилаға ризамын, балаларымды жақсы тәрбиеледі. Мені қамауға алғанда кіші балам 9 жаста болды. Бостандыққа ол 20-ға толғанда шықтым, - деді.

Осылайша, ол сұхбат барысында өз-өзіне қарсы сөйлеп, біресе бөлек тұрдық деп, біресе түрмеде болғанын меңзеді. Бірақ тоқ етері Динара есімді екінші әйелі тоқалы емес екенін жеткізгісі келді.

Бірақ Мұхтар Жәкішектің аты шулы ісі талай жыл елді дүрліктіріп, оның босатылуын талап етіп әр облыста пикеттер өтіп жатқанда, ол расымен қайда болды екен?

Түрмеде денсаулығы сыр берді, жағдайы нашар деп сот отырыстарына қатыспай, қатысса видеомен шығуының ар жағында қандай сыры бар?

Бұл туралы әлеуметтік желі қолданушыларының түрлі пікірі бар. Бірі "Байлардың түрмеде отыруы рахат қой, вип камера, барлық жағдай жасалған. Қалағанын істеп жатады" десе, екіншісі "Иә, ол тоқалымен солай көңіл жарастырған шығар" деп қостады. Ал кейбіреулер оның қамауда болғанына сеніңкіремейді. "Жәкішев сотталды дегенде неше түрлі видеосы тарады ғой. Видеода отырған жерін қарасаң түрмеге ұқсамайды" дейді.

Десе де, жалпы есепте мемлекетке 100 миллиард теңге көлемінде шығын келтірген Жәкішевті көбі "Саяси тұтқын" санайды. Қазіргі таңда оның YouTube-арнасына 65 мыңнан астам қолданушылар тіркелген. Ал оның видеолары бірнеше жүз мың көрсетілім жинайды.

Бірі оны қылмыскер ретінде көрсе, бірі оны ақылды саясаткер, білікті кәсіпкер ретінде әлі күнге дейін пір тұтады. 

Бір анығы оның көпбалалы әке екені анық. Мұхтар Жәкішевтің бірінші әйелінен Айгерім, Алтынай, Айдай, Айсұлу есімді қыздары және Айтөре есімді ұлы және екінші әйелінен Айлин және Айриса есімді қыздарын қосқанда 7 бала.