Мобильді киноның майталманы – Жұматай Ахметхан

Қостанайлық өнерпаз, әнші, түрлі шаралардың жүргізушісі әрі мобильді фильммейкер Жұматай Ахметхан өз командасымен бірге Қазақстандағы алғашқы мобильді хоррор-сериалды түсіріп, ел киноиндустриясында тың қадам жасады. Ол киноға деген көзқарасы, шығармашылық жолы және мобильді киноның артықшылықтары туралы өз ойымен KazFace.kz тілшісімен бөлісті.
Жұматай Ахметхан бала кезінен кинематографияға ерекше қызығушылық танытқан. Ол әлемдік және голливудтық фильмдерді тамашалап, атақты актерлердің шеберлігін зерттеп өскен. Ол Қазақ ұлттық өнер университетінде актерлік мамандық бойынша білім алған. Алғашында педагогика саласын таңдағанымен, өнерге деген сүйіспеншілігі басым болып, кино әлеміне бет бұрды. Оның шығармашылық жолы 2009 жылдан бастау алады.
Жұматай Ахметхан Лос-Анджелестегі кино өнері мектебінде арнайы курстан өткен санаулы қазақстандықтардың бірі. Оның айтуынша, Лос-Анджелес – киноның нағыз астанасы, мұнда фильм өндірісі, монтаж, арнайы эффектілер жасау мүмкіндіктері өте кең.
“Голливуд – әлемдік киноның орталығы. Бізге бұл мүмкіндікті «Дара» қоры ұйымдастырған мобильді кинофестиваль сыйлады. Біздің команда Қазақстан бойынша үздік жиырмалыққа кіріп қана қоймай, бірінші орынды иеленді. Фильміміздің басты тақырыбы – туған жеріміздің ең үлкен байлығы – бидай. Біз оны 70-80 жылдардағы тарихи реңкте көрсетіп, қазылар алқасының назарын аудардық”, – дейді режиссер.
Голливудтағы 10 күндік оқу барысында қазақстандық режиссерлер сценография, монтаж, режиссура салалары бойынша білім алды. Universal Pictures студиясында болып, өз фильмдерін түсіріп, арнайы емтихан тапсырды.
“Біз бір күндік түсірілім құны 150 мың доллар болатын алаңда жұмыс істедік. Бұл үлкен тәжірибе болды. Біз тек техникалық машықтарды ғана емес, ең бастысы – жауапкершілікті сезінуді үйрендік”, – дейді Жұматай.
Жұматай Ахметхан қазақстандық кинематографияда ерекше орын алатын жанрлар туралы пікір білдірді. Оның ойынша, комедия жанры айтарлықтай жетістіктерге жетті, бірақ енді драма жанрын дамыту қажет.
“Егер «Оскар» жүлдегерлерін қарасаңыз, көп жағдайда марапат драмалық фильмдерге беріледі. Біз де осы бағытта дамуға тиіспіз. Сонымен қатар, тарихи фильмдер түсіру өте маңызды. Өз тарихымызды басқа елдердің тарихынан гөрі жақсы білуіміз керек. Сондықтан ұлттық киноиндустрияда тарихи жанрға ерекше мән берілуі қажет”, – дейді режиссер.
Жұматай Ахметхан жаңа жанрларға да батыл қадам жасауда. Оның жетекшілігімен Қазақстандағы алғашқы мобильді хоррор-сериал жарыққа шықты.
“Бастапқыда қысқа метражды фильм түсіруді жоспарлаған едік, бірақ кейін сериал форматында жасауға шешім қабылдадық. Бұған дейін мұндай тәжірибеміз болмағандықтан, біз үшін үлкен сынақ болды. Дегенмен, өзіміздің алдымызға қойған міндетті 98-99% деңгейінде орындадық деп ойлаймын. Бұл жанрда жұмыс істей беру мақсаты жоқ, болашақта басқа да бағыттарды зерттейтін боламыз”, – дейді режиссер.
Жұматай Ахметханның айтуынша, мобильді кино қазір әлем бойынша қарқынды дамуда. Телефон камерасының сапасы жақсарып, толыққанды фильм түсіруге мүмкіндік беретін деңгейге жетті.
“Мобильді киноның ең басты артықшылығы – оның қолжетімділігі. Біз кез келген уақытта, кез келген жерде кадр жинай аламыз, өзімізбен ауыр камера алып жүрудің қажеті жоқ. Сонымен қатар, монтажды да тікелей телефонда жасауға болады. Біздің сериалға жұмсаған ең үлкен қаражатымыз 100 мың теңгеден аспады”, – дейді Жұматай.
Жұматай Ахметхан мен оның досы Бақытжан Әлкебай мобильді телефонға түрлі тақырыптарда фильмдер түсіруді бастап, халықаралық фестивальдерге қатысып жүр. Ол туындылардың бірі “Қалам” деп аталады.
“Қалам – ерекше күшке ие. Оның көмегімен соғысты тоқтатуға, күрделі мәселелерді шешуге болады.Ажырасып, татуласға болады. Біз осы идеяны көрерменге жеткізуді мақсат еттік”, – дейді режиссер.
Жұматай Ахметханның айтуынша, Қазақстанда кино аз емес, әр бағытта дамып келеді. Оның ішінде мобильді киноның да болашағы зор.
“Киноны тек қымбат жабдықпен ғана емес, қолжетімді технологиялармен де жасауға болады. Бастысы – идея мен оны жеткізудің шеберлігі. Сондықтан мобильді киноның дамуына сенемін”, – деп түйіндеді ол.
Жұматай Ахметханның шығармашылығы қазақстандық киноөндірісте жаңа толқын қалыптастырып, мобильді киноның болашағына жол ашуда.