Ақмола облысында Орталық Азиядағы ең үлкен сауын каруселі іске қосылды

Балауса ЖАҚСЫБАЙ
Ақмола облысы, «Родина АФ» ЖШС кәсіпорнында Қазақстан мен Орталық Азиядағы ең қуатты сауын каруселі іске қосылды, деп хабарлайды KazFace.kz.
Сауын каруселі күніне 2000 сиырды сауып, бір уақытта 80 басты қамти алады. Шведтік DeLaval брендімен жабдықталған құрылғы жартылай роботтандырылған. Сонымен қатар «Родина АФ» ЖШС басшысы Иван Сауэрдің айтуынша жаңа технология сиырлардың денсаулығын бақылап, сүт сапасын тұрақты түрде тексеріп тұрады.
“Жаңа сауын цехында 38 жаңа жұмыс орны ашылып, олардың орташа айлық жалақысы 450 мың теңгені құрап отыр. Бұл жүйе сүт өндірісін 1,5 есеге арттырып, жылына 40 мың тоннаға дейін ұлғайтуды жоспарлауда”, - дейді агрофирма басшысы.
Екатерина Диятлова , 9 жылдық еңбек өтілі бар сауыншы. Оның отбасы осы кәсіпорында ұзақ уақыттан бері еңбек етіп келеді. Күйеуі сүт зауытының слесарі, анасы да ұзақ жылдар бойы сауыншы болып жұмыс істеген. Ол бұл салада жұмыс істеп келе жатқанына өте мақтанатынын білдіріп, жастарға жұмысшы мамандықтарына мән беруге шақырды.
«Бұл жұмыстың бағасы үлкен, әрі еңбектің өзі таза және жақсы ақы төленеді. Біздің ұжымда менің жолымды таңдаған жастар бар. Президенттің 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп жариялауы өте маңызды. Мұндай жұмысшы мамандықтары еңбек нарығында сұранысқа ие болар деп ойлаймын», — дейді Екатерина.
Айта кету керек, Ақмола облысында соңғы жылдары бірнеше сүт фермалары ашылып, өңірде сүт өндірісінің көлемі артты. Биыл тағы екі ірі ферма іске қосылып, өңірде сүт өндірісі көлемін 130 мың тоннаға дейін ұлғайту жоспарлануда. Бұл жұмыс орындарын ашу мен ауыл шаруашылығының дамуына тың серпін беретін қадам болмақ.
Қызықты ақпарат: Агрофирмада күніне 86 литр сүт беретін рекордттық көрсеткішті қара мал бар. Оны “чемпионка” деп атайды. Басқалары салыстырмалы түрде 30 және одан жоғары көлемде сүт береді.