Жаңалықтар

Beeline үй интернетінің тарифтерін жасанды түрде қымбаттатқан

Beeline үй интернетінің тарифтерін жасанды түрде қымбаттатқан

Қазақстанның Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің Астана қаласы бойынша департаменті бәсекелестік заңнамасының бұзылу фактілеріне қатысты талдау жүргізді, деп хабарлайды KazFace.kz.

Талдау нәтижелері көрсеткендей, Beeline компаниясы тұтынушыларға үйдегі интернет жылдамдығын таңдау мүмкіндігін шектеп, 100 Мбит/с-тан жоғары жылдамдықтағы интернетті ғана ұсынған. Бұл әрекет тарифтердің жасанды қымбаттауына және кейбір тұтынушылардың құқықтарының шектелуіне алып келген.

Сонымен қатар, Beeline компаниясының ресми сайтында жарияланған ақпаратқа сәйкес, 300 Мбит/с-қа дейінгі интернет жылдамдығы тек GPON технологиясы бар үйлерде ғана қолжетімді екені көрсетілген. Ал басқа үйлерде максималды жылдамдық 100 Мбит/с-тан аспайды, алайда тарифтік жоспарлардың бағасы барлық абоненттер үшін өзгеріссіз қалады.

Осыған байланысты, 2024 жылғы 19 қарашада департамент Beeline компаниясына бәсекелестік заңнамасының талаптарын бұзуды жою жөнінде ресми хабарлама жіберді. Құжатта тұтынушыларға тарифтік жоспарды таңдау мүмкіндігін қамтамасыз ету қажеттілігі атап көрсетілді. 

Атап айтқанда:
•    егер тұтынушы жоғары жылдамдықтағы интернетті қажет етпесе, оған 100 Мбит/с-тан аспайтын интернетке қосылу мүмкіндігі берілуі тиіс;
•    тұтынушыға қосымша ақылы қызметтерсіз, тек 100 Мбит/с жылдамдыққа дейінгі интернетке қосылу ұсынылуы қажет.

Агенттік қазіргі уақытта Beeline компаниясының бұл талаптарды толықтай орындағанын мәлімдеді.