Қоғам

Кентаулық вундеркинд: 5 жасар Темірланның ерекше қабілеті

Кентаулық вундеркинд: 5 жасар Темірланның ерекше қабілеті

Кентау қаласында ерекше дарынды балақай өсіп келеді. Небәрі 5 жастағы Темірлан мың таңбалы сандарды еш қиналмастан қосып, азайта алады. Оның бұл қабілеті ешқандай арнайы дайындықсыз, табиғи жолмен дамыған, деп хабарлайды KazFace.kz.

Темірлан – үйдегі үш баланың ортаншысы. Анасы Әсем Аязбаева оған сандарды қосу мен азайтуды үйрету барысында ұлының математикалық қабілетінің өзгеше екенін байқайды. Балақай мың таңбалы сандарды мүдірместен есептеп, мектеп жасындағы ағасымен бірге үй тапсырмаларын орындай бастағанда, ата-анасы да таңданысын жасыра алмады.

Алғашында анасы ұлының ерекше дарынын сырт көзден жасыруға тырысқан. Дегенмен уақыт өте келе Темірлан әлеуметтік желілер арқылы танылып, көпшіліктің ықыласына бөленді. Тіпті, кейбір оқырмандар анасына дарынды бала тәрбиелеудің сырын сұрап, қызығушылық танытқан.

Темірлан тек математикаға ғана емес, спортқа да жақын. Жас вундеркиндтің жан-жақты дамуы оның болашағынан үлкен үміт күттіретіні анық. Әзірге бүлдіршін мектеп табалдырығын аттамаса да, өз қатарластарынан әлдеқайда озық екені байқалады. Оның қабілетін әрі қарай дамыту үшін мамандардың көмегі қажет болуы мүмкін.

Темірланның дарыны – туғанынан берілген ерекше сый. Оның болашағы қандай боларын уақыт көрсетеді, алайда бүгінгі жетістіктері-ақ оның мүмкіндіктерінің шексіз екенін дәлелдейді.