Түркияда бір күндік аза тұту күні жарияланды

Түркиядағы тау-шаңғы шипажайындағы өртке байланысты 22 қаңтар - Ұлттық аза тұту күні деп жарияланды, деп хабарлайды KazFace.kz.
Бұл күн Тау-шаңғы шипажайындағы өрт салдарынан қаза тапқан 76 адамның құрметіне арналады. Өрт Болу провинциясындағы 12 қабаттық қонақүйдің мейрамханасында басталып, кейін ғимараттың басқа бөліктеріне тараған. Қонақүйде демалушылардың көпшілігі ұйқыда болған.
Айта кету керек, Түркияның қысқы туризм орталықтарының бірі болып табылатын бұл шипажай Ыстанбұл мен Анкарадан 3 сағаттық жерде орналасқан. Қонақүйде 234 демалушы болған, бірақ қаза тапқандар мен жараланғандардың есімдері әлі жарияланған жоқ. Алдын ала мәлімет бойынша, қазақстандық азаматтар оқиғаға байланысты зардап шекпеген.
Түркияның Президенті Режеп Тайип Ердоған бұл жағдайды жеке бақылауға алды. Өрттің шығу себебі мен кінәлілерді анықтау үшін тергеу амалдары басталып, 9 адам ұсталды.
Бүгін Түркия мен оның шетелдегі елшіліктерінде мемлекеттік ту төмен түсірілді.