Қамаудағы туған күн: Бірнеше қызметкер жұмыстан қуылды

Әйгерім ШАЯХМЕТОВА
Кінәлілер жұмыстан қуылып, бақылау күшейтілді, деп хабарлады KazFace.kz.
ІІМ Еңбекшіқазақ ауданының УҰИ-де болған жағдайға қатысты пікір білдірді.
Белгілі болғандай Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданы уақытша ұстау изоляторындағы жағдай бойынша тексеру жүргізілген.
«Бейнетүсірілімді УҰИ-дің бұрынғы қызметкері қызмет мүдделеріне қайшы әрекет жасап, жүргізгені анықталды. Ол бұл үшін жеке ұялы телефонын пайдаланған. Қызметтік тәртіпті өрескел бұзғаны үшін ол арнайы шенінен айырылып, теріс себептермен жұмыстан қуылды. Сонымен қатар аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қызметтік тәртіпті өрескел бұзғаны және тиісінше бақылау жүргізбегені үшін 16 басшы мен қызметкер лауазымнан босатылуға дейін қатаң тәртіптік жазаға тартылды. Оның ішінде УҰИ басшысы да лауазымнан босатылды. ІІМ мұндай бұзушылықтарға мүлдем төзбеушілік танытып, қатаң тосқауыл қояды. Олар бүкіл құқық қорғау жүйесінің беделіне нұқсан келтіріп, азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, күнделікті өз міндеттерін адал орындайтын қызметкерлердің атына дақ түсіреді», – деп жазылған ішкі істер министрлігінің баспасөз қызметі таратқан хабарламада.
Болған жағдайға байланысты УҰИ-де режимді бақылау күшейтілді. Қосымша бейнемониторинг шаралары енгізіліп, осыған ұқсас мекемелерде жоспардан тыс тексерулер басталды.
Еске салсақ, бұған дейін әлеуметтік желіде 16 жастағы жасөспірім Шерзат Полаттың өліміне қатысты іс бойынша ұсталғандар уақытша ұстау изоляторында туған күн тойлап жатқаны туралы видео пайда болған еді.