Мәдени айнасы

Жазушы Мұхтар Мағауин өмірден өтті

Жазушы Мұхтар Мағауин өмірден өтті

85 жасқа қараған шағында жазушы  Мұхтар Мағауин дүниеден өтті. Қаралы хабармен жазушының ұлы Едіге Мағауин бөлісті, - деп хабарлайды KazFace.kz.

"Арыстан әкем фәниден бақиға аттанып кетті, АҚШ-тың Мерилэнд штатындағы үйінде, бала-шағасының ортасында, 2025 жылғы қаңтардың 9-ы, жергілікті уақыт бойынша сағат 19:55-те (Қазақстан уақыты бойынша қаңтардың 10-ы, сағат таңғы 5:55)", – деп жазды Едіге Мағауин Facebook парақшасында.

Жазушы 1940 жылы 2 ақпанда Семей облысының Шұбартау ауданында туған. 1962 жылы Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетін, 1965 жылы аспирантурасын бітірген.

Мұхтар Мағауин – Қазақстанның Халық жазушысы, Абай атындағы Мемлекеттік сыйлық лауреаты, Түркияның Халықаралық "Түрік дүниесіне қызмет" сыйлығының иегері, Улан-батордағы Халықаралық Шыңғыс хан Академиясының құрметті академигі.

Еңбек жолы 1965 жылдан басталады. "Қазақ әдебиеті" газетінде бөлім меңгерушісі, 1967 – 71 жж. "Жазушы" баспасында бас редактордың орынбасары, Қазақ КСР Ғылым академиясының М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтында аға ғылыми қызметкер болып, сонымен қатар Мәскеуде М.Горький атындағы Әдебиет институтында қазақ фольклоры мен қазақ әдебиеті тарихы бойынша арнайы лекциялық курстар жүргізді. 1983 – 84 жж. еркін шығармашылық жұмыста, 1984 – 86 жж. "Жазушы" баспасының бас редакторы, 1987 жылы еркін шығармашылық жұмыс- та, 1988 – 2006 жж. "Жұлдыз" журналының бас редакторы болды.