Илон Маск командасына америкалықтардың жеке деректеріне шектеу қойылды

АҚШ-тың округтік соты Илон Маск басқаратын үкімет тиімділігі департаментінің (DOGE) әлеуметтік қамтамасыз ету жүйелеріне кіруін уақытша тоқтатты. Бұл жүйеде миллиондаған америкалықтардың жеке деректері сақталған. Сондай-ақ сот DOGE-ге қолда бар деректерді жоюды міндеттеді, деп хабарлайды KazFace.kz.
Мұндай шешім кәсіподақтар, зейнеткерлер және Democracy Forward құқық қорғау ұйымының шағымы негізінде қабылданды. Олар DOGE азаматтардың жеке өміріне қол сұғып, ақпараттық қауіпсіздікке қауіп төндірді деп мәлімдеді. Сонымен қатар, департамент қаржы министрлігі мен салық басқармасының дерекқорларына да кіру мүмкіндігіне ие болған.
Сот құжаттарына сәйкес, DOGE қызметкерлері Дональд Трамп президенттік қызметіне кіріскеннен кейін бірнеше күннен соң әлеуметтік қамтамасыз ету агенттігінің жүйесіне кіруге тырысып, арнайы бағдарламашыны жалдаған. Ал Трамп әкімшілігі бұл қадамды алаяқтықтың алдын алу мақсатымен түсіндірген.
Бұған дейін Мэриленд соты Маск пен DOGE-дің АҚШ Конституциясын бұзған болуы мүмкін екенін мәлімдеген. Себебі олар АҚШ-тың халықаралық даму агенттігін өз еркімен жабуға тырысқан. Осы жағдайдан кейін Трамп әкімшілігі Масктың өкілеттігін шектеп, оған тек кеңес беру құқығын қалдырып, кадрлық және саяси шешімдерді өз бетінше қабылдауға тыйым салды.