Қоғам

Ақтөбеде қызды кепілге алған ер адам ұсталды

Ақтөбеде қызды кепілге алған ер адам ұсталды

Ақтөбе қаласында белгісіз ер адам қызды кепілге алып, ата- анасын пышақтап жертөлеге қамап кеткен, деп хабарлайды KazFace.kz.

Кеше түнде 23:40 шамасында полицияға белгісіз біреудің жеке үйге кіріп, қызды кепілге алғаны туралы хабар түсті. Оқиға орнына жедел түрде полиция басшысы мен қала прокуроры барды. Сол жерде арнайы келіссөздер жүргізілді.

“102 қызметіне жеке үйге белгісіз адамның кіріп, қызды кепілге алғаны туралы хабар келіп түсті. Барлық төтенше қызметтер оқиға орнына жіберілді. Аудан қоршауға алынды, полиция департаментінің бастығы мен прокурор сол жерде келіссөздер жүргізіп жатыр”, - деп хабарлады полиция.

Полицейлер оқиға орын алған жердегі жертөлені тексеру барысында қыздың қарт ата-анасының пышақпен жарақатталғанын анықтады. Өкінішке орай, біреуі ауруханаға барар жолда көз жұмған. Үшінші зардап шегушіге қажетті медициналық көмек көрсетілуде.

Арнайы операция нәтижесінде күдікті ұсталып, кепілге алынған қыз босатылды. Қазіргі таңда оқиға бойынша қылмыстық іс қозғалып, күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды.