Қоғам

Алматы облысында жаңа жыл түні ең көп жедел жәрдем шақырылған

Алматы облысында  жаңа жыл түні ең көп жедел жәрдем шақырылған

Жаңа жыл түні еліміздің денсаулық сақтау жүйесінде жедел жәрдем қызметіне түсетін жүктеме айтарлықтай артқан, деп хабарлайды KazFace.kz.

Соңғы тәулікте 27 мыңнан астам жедел жәрдем шақыруы тіркелді. Оның ішінде 17 мыңнан астамы бірінші, екінші және үшінші санаттағы шақыруларға жатса, төртінші санаттағы шақырулар бойынша бригадалар 10 мыңнан астам рет шыққан.

Алматы  облысы бұл көрсеткіш бойынша көш басында тұр — мұнда 3 мыңнан астам жедел жәрдем шақыруы түскен. Одан кейін Алматы қаласы 2800, Түркістан облысы 2358 шақырумен келеді. Астана қаласында жедел жәрдем қызметі 1942 рет шығып, жыл басталар сәтте халықтың денсаулығы үшін аянбай еңбек етті.

Қазақстанның денсаулық сақтау министрлігі мәліметінше, 2023 жылдың 11 айында еліміз бойынша жедел жәрдем қызметі 7,7 миллионнан астам шақыруды өңдеген. Оның 4,9 миллионы бірінші, екінші және үшінші санаттағы шақырулар болса, қалған 2,8 миллионы төртінші  бойынша, яғни емханаларға қызмет көрсеткен. Шақырулардың саны көбейгеніне қарамастан, жедел жәрдем бригадаларының реанимациялау бойынша сәтті әрекеттері өткен жылмен салыстырғанда 7,1%-ға артып, 51,7%-ды құрады.

Жаңа жыл түні жедел жәрдем қызметінің жүктемесі артқанымен, медициналық қызметкерлердің кәсіби шеберлігі мен жауапкершілігінің арқасында көптеген өмірлер құтқарылды. Бұл көрсеткіш халықтың денсаулығына көрсетілген сапалы қызметтің белгісі болып табылады.