«Балалар спортына жаңа серпін: Министрдің жоспары

Қазақстан Республикасының туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов KazFace.kz журналисті Гүлбану Әбеноваға берген сұхбатында балалар мен жасөспірімдер спортын дамытуға қатысты маңызды мәселелерге жауап берді.
Министрдің айтуынша, елімізде балалар мен жасөспірімдерді спортпен шұғылдануға тарту үшін жағдай жасалуда. Бүгінде елімізде 7 мыңнан астам спорттық секция жұмыс істеп, 230 мыңнан астам бала мен жасөспірім спортпен тегін шұғылдануда. Бұл көрсеткішті 2025 жылы 10 мыңға дейін арттырып, спортпен шұғылданатын балалар саны 300 мыңға жетеді деп жоспарлануда.
Министр балаларды спортпен қамту деңгейін 30%-дан 2029 жылға дейін 50%-ға дейін жеткізу мақсатында инфрақұрылымды дамыту мен балалардың физикалық белсенділігін арттыру жұмыстарын жалғастыруды жоспарлап отыр.
Сондай ақ, Ербол Мырзабысынов осы жылы ашылатын Ұлттық спорт университеті туралы айтты. Бұл университетте бакалавр, магистратура және докторантура деңгейінде мамандар дайындалады. Білім ошағында ғылыми зерттеулер де жүргізіледі, бұл Қазақстанның спорт саласын жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік береді деп сенім артуда.
Министр атап өткендей, елімізде спорт саласындағы арнайы мамандарды дайындауға басымдық беріледі. Бұл — спорт психологиясы, спорт менеджменті және спорт медицинасы сияқты мамандықтар.
Спорт секцияларына баласын жаздыру жөніндегі мәселе бойынша журналист ата аналар атынан сұрақ қойды. Министрдің айтуынша, көп жағдайда секцияларда орын жетіспейді және жазылу процесінде жүйелік қателіктер орын алады. Осы мәселені шешу үшін Спорт министрлігі жергілікті атқарушы органдармен және Цифрлық даму министрлігімен бірлесіп арнайы жұмыс топтарын құрды. Бұл топтар спорт секцияларына жазылу процесін жақсарту және барлық ата-аналар үшін ашық әрі түсінікті ету бойынша жұмыстар атқаруда.
Тағы бір өзекті мәселе — кәсіби жаттықтырушылардың тапшылығы мен кейбір өңірлерде спорттық инфрақұрылымның жеткіліксіздігі. Осы мәселені шешу үшін шетелдік мамандарды тарту жоспарланған. Олимпиада чемпиондарын дайындаған мамандар мен басқа да жоғары білікті жаттықтырушылар елімізге шақырылып, олар өз тәжірибелерін жергілікті мамандармен бөліседі. Сонымен қатар, ғылыми мамандар жаттықтыру әдістемелерін жасап, оларды еліміздің барлық аймақтарында қолдану үшін курстарға жібереді.
Қазақстанда балалар арасында интеллектуалды спорт түрлеріне, әсіресе шахматқа ерекше көңіл бөлінеді. Шахмат секциялары елімізде қаржыландырудың жетекші орындарын алады. Министр Ербол Мырзабосынов шахмат балалардың ой-өрісін дамытудағы маңыздылығын атап өтті.
Шахматты оқыту сапасын арттыру мақсатында өткен жылы «Шахмат мұғалімі» деген жаңа білім беру бағдарламасы енгізілді. Осы бағдарлама бойынша көптеген шахматшылар оқу курстарынан өтіп, жаттықтырушы болып, балаларға шахмат үйретуде.
Министр Ербол Мырзабоснов Қазақстандағы балалар мен жасөспірімдер спортының дамуына үлкен мән берілетінін және бұл бағыттағы мәселелерді шешу үшін мемлекет бар күш-жігерін жұмсайтынын атап өтті. Спорттық инфрақұрылымды дамыту, жаттықтырушылар даярлау және балаларға спортқа қолжетімділіктіарттыру — бұл еліміздің болашақтағы жетістіктеріне негіз болатын маңызды қадамдар.