Қоғам

Астана – Қостанай тас жолында жүргізуші суға батып кетті

Астана – Қостанай тас жолында  жүргізуші  суға батып кетті

Астана – Қостанай бағыты бойындағы 963-ші шақырымда, Перекатное ауылының маңында “Toyota Land Cruiser” автокөлігін су шайып кетті. Оқиға тас жолдың су тасып жатқан 50 сантиметр тереңдіктегі және 400 метрге созылған учаскесінде болған, деп хабарлайды KazFace.kz.

Көлікте үш адам отырған. Олардың екеуі аман қалды. Біреуі өз күшімен шығып,  екіншісін құтқарушылар судан алып шыққан. Ал жүргізушіні құтқару мүмкін болмады – оны ағыс алып кеткен. Оның денесі көлікпен бірге су астына кеткен жерден 2:30 шамасында табылды.

Бұл туралы Ақмола облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.

«Көлікте үш адам болған. Екі жолаушыны құтқарушылар жедел әрекетінің арқасында аман алып қалды. Қазіргі уақытта олар медициналық көмек алуда. Жүргізушінің денесі түнгі сағат 2:30-да табылды», – делінген хабарламада.

Ведомство мәліметінше, жолдың аталған бөлігінде су тасқынына байланысты шектеулер қойылып, полиция бекеті орнатылғанына қарамастан, жүргізуші тыйымды елемей, жолды кесіп өтпек болған. Соның салдарынан қайғылы жағдай орын алды.

Төтенше жағдайлар қызметі азаматтарды су басқан және қауіпті жол учаскелерінде қозғалыс жасамауға, ескерту белгілеріне назар аударуға шақырады.