Мәдени айнасы
Пресс-релиз

Қазақстанда материалдық емес мәдени мұраны қорғау және дамыту

Қазақстанда материалдық емес мәдени мұраны қорғау және дамыту

Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігі 2003 жылғы ЮНЕСКО Конвенциясы аясында жергілікті қауымдастықтардың материалдық емес мәдени мұрасын  қорғау бойынша маңызды жобаларды іске асыруда,деп хабарлайды Kazface.kz

Бұл бастама еліміздің мәдени бірегейлігін сақтап қалу, ұлттық дәстүрлер мен тәжірибелерді келешек ұрпаққа жеткізу үшін стратегиялық маңызға ие.

Жобаның аясында Атырау, Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Қызылорда және Жетісу облыстарының әкімдіктерімен ынтымақтастық меморандумдарына қол қойылып, ЮНЕСКО-ның техникалық гранты іске асырылуда. Бұл әріптестік аймақтық деңгейде материалдық емес мәдени мұраны қорғау мен дамытуға арналған тиімді механизмдерді қалыптастыруды көздейді.

Жобаның негізгі міндеттері – МЕММ элементтерін қорғау, дамыту және жан-жақты насихаттау. Сонымен қатар, облыс және аудан деңгейіндегі мамандар, жоғары оқу орындарының оқытушылары мен жергілікті қауымдастық өкілдері үшін арнайы оқыту семинарлары мен тренингтер өткізу жоспарланған. Оқу барысында МЕММ элементтерін түгендеу және құжаттау әдістерін меңгеру, дәстүрлер мен мәдениетті сақтап жүрген азаматтармен байланыс орнату мәселелері қарастырылады.

Сонымен қатар, бұл бастама материалдық емес мәдени мұра жөніндегі ақпараттық-анықтамалық материалдарды дайындауға, жергілікті МЕММ элементтерін Ұлттық тізімге енгізу және қажет болған жағдайда оларды ЮНЕСКО тізіміне қосуға көмектесуді де қамтиды. Бұл Қазақстанның мәдени дәстүрлерін халықаралық деңгейде қорғап, мойындатуға зор мүмкіндік береді.

Жалпы, бұл жоба Қазақстандағы материалдық емес мәдени мұраны сақтау және дамыту жолында айтарлықтай ілгерілеуге мүмкіндік береді. Одан бөлек, ол жергілікті қауымдастықтардың мәдени бірлігін нығайтуға, әлеуметтік тұрақтылықты қамтамасыз етуге, сондай-ақ ұлттық мәдениетті насихаттауға бағытталған маңызды қадам болып табылады.