Жаңалықтар

Алматы әуежайында ерлік көрсеткен ер адамның кім екені айтылды

Алматы әуежайында ерлік көрсеткен ер адамның кім екені айтылды

Алматы әуежайында ерлік көрсеткен азаматтың есімі Мұса Әбдірайым екені анықталды. Ол 1973 жылы дүниеге келген, бес баланың әкесі, деп хабарлайды Kazface.kz.

Әуежайға туыстарын шығарып салуға келген Мұса оқиғаға куә болып, еш ойланбастан әрекетке көшкен. Спортпен айналысқан тәжірибесі арқасында қылмыскермен бетпе-бет келуден қорықпағанын айтты.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Мұса Әбдірайымның ерлігін жоғары бағалап, оны мемлекеттік наградамен марапаттау туралы шешім қабылдады.

Еске салсақ, оқиға бүгін таңертең Алматы халықаралық әуежайының ішкі рейстер терминалында, ұшуға дейінгі тексеру аймағында шамамен сағат 11:45 кезінде орын алды. Әуежайдың авиациялық қауіпсіздік қызметінің қызметкерлері жолаушыдан құжаттарын көрсетуін сұраған кезде, ол әйел қызметкерді шашынан ұстап, пышақпен қорқытқан.

Әлеуметтік желілерде жарияланған виделларда  қоңыр жейде киген ер адамның оқиға басталғанда қауіпсіздік қызметкерін кепілге алған қылмыскерге жақындап, онымен сөйлескені көрінеді. Содан кейін ол қылмыскерге қызметкердің орнына өзін кепілге алуды ұсынған. Қылмыскер келісім берген соң, ер адам сәттілік сәтін пайдаланып, қылмыскердің қолынан пышақты жұлып алып, оны бейтараптандыруға көмектескен.

Жеті минуттан кейін күдікті қарудан айрылып, ұсталды. Ол Алматы қаласының 67 жастағы тұрғыны болып шықты. Қазіргі уақытта аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізілуде.