Қазақстандықтар Бурабайға кіргені үшін қарыз болып шықты

Қазақстан азаматтары Бурабай ұлттық паркіне кіргені үшін күтпеген қарыз туралы хабарламалар ала бастады, деп хабарлайды KazFace.kz.
Белгілі болғандай 14 мыңға жуық адамға төлем талап етіліп, оның ішінде 10 мыңнан астамына ресми ескертулер жіберілген. Азаматтар бұл алаяқтардың ісі деп сенбей отырған көрінеді. Алайда, ұлттық парк әкімшілігі хабарламаны заңға негізделіп жасалғанын растап отыр.
2024 жылдың 1 қаңтарынан 20 шілдесіне дейін ұлттық паркке кіреберістегі шлагбаум жүйелі түрде істен шығып отырған. Сол уақыт аралығында жергілікті тұрғындарға арналған тарифтер қайта қаралып, салық кодексіне өзгерістер енгізілген. Бұл жағдай көліктердің кей жағдайда ақысыз кіруіне немесе шлагбаумнан айналып өтіп кетуіне себеп болған.
Дегенмен, орнатылған бейнебақылау құрылғылары бұл кезеңде барлық көліктерді автоматты түрде тіркеп отырған. Кейіннен Салық кодексінің 591-бабына сүйене отырып, салық органдары автокөлік иелеріне төлем туралы ескертулер жолдаған.
«Бұл берешектер 2024 жылғы 1 қаңтар мен 20 шілде аралығын қамтиды. Аталған мерзімде ерекше қорғалатын табиғи аумаққа кірген көлік иелеріне салық заң аясында есептелді. Ал 20 шілде мен 14 қараша аралығында төлем алынған жоқ, себебі бұл кезде Салық кодексіне түзетулер енгізіліп жатқан», — деп хабарлады ұлттық парк қызметкерлері.
Қазіргі таңда 2 мыңнан астам азамат өз қарызын өтеген, алайда төлем жасаудан бас тартқандарға қандай шара қолданылатыны әзірге нақты белгісіз.