Қоғам

FlyArystan ұшағында бұзақылық жасаған азамат 3 жылға сотталмақ

FlyArystan ұшағында бұзақылық жасаған азамат 3 жылға сотталмақ

FlyArystan ұшағында  бортсерік пен жолаушыны ұрған Қазақстан азаматы 3 жылға сотталды, деп хабарлайды KazFace.kz.

Мас жолаушы Астана–Өскемен бағыты бойынша ұшқан FlyArystan әуе кемесінде бұзақылық әрекеттер жасаған. Ол бортсерікті ұрып, ескерту жасаған жолаушыға да дене жарақатын келтірген.

«Сонымен қатар, ол бомба бар деп жалған хабар берген. Осы жалған ақпараттың салдарынан 153 жолаушы ұшақтан түсіріліп, қайта тексеруден өтті. Көліктегі полиция департаменті мен FlyArystan әуе компаниясы материалдық шығынға ұшырады», – деп хабарлады Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты.

Дебоширге қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 273-бабы («Терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабарлау») және 293-бабы 2-бөлігі 4-тармағы («Әуе кемесінде жасалған бұзақылық») бойынша қылмыстық іс қозғалды.

Сот барысында азамат Т. кінәсін толық мойындады. Қорғаушы тарап пен сотталушы бас бостандығынан айырмайтын жаза тағайындауды сұрады. Алайда прокурор 3 жыл бас бостандығынан айыру жазасын сұрады.

Сот айыпталушыны кінәлі деп танып, 3 жылға бас бостандығынан айырды. Үкім заңды күшіне енген жоқ.