Сұхбат KazFace.kz

Мирас Ерболов: «Ән айту кәсіби білімді қажет етеді деп ойламаймын»

Мирас Ерболов: «Ән айту кәсіби білімді қажет етеді деп ойламаймын»

Балауса ОРАЗАЛЫҚЫЗЫ

Шығыс Қазақстан облысы Катонқарағай ауданынан шыққан қарапайым дене шынықтыру пәнінің мұғалімі Мирас Ерболов  X-Factor жобасының тоғызыншы кезеңінің жеңімпазы. Прагада өткен «Diamond voice» атты беделді вокалистер байқауының бас жүлдесінің иегері. 

Бүгінде әлемді өз даусымен таңқалдырған қарапайым ауыл ұстазы өнер айдынындағы жолын сәтті жалғастырып келе жатыр. 2022 жылы жазда өткен X-Factor жобасының тоғызыншы кезеңінде жеңімпаз атанып, өнер шыңына қадам басты. KazFace.kz тілшісіне берген сұхбатында Мирас өзін танымал еткен жоба жайлы, өнер әлеміндегі жолы мен мақсаттары туралы ой бөлісті.

Ең алдымен сізді халықаралық байқауда жеңімпаз атануыңызбен құттықтаймын! Осы Прагада өткен байқауға өтініш білдіруге және виза алуға көмектескен қоғамдық «Бозторғай» қоры жайлы не айта аласыз?

Иә, осы қордың жетекшісі Қарлығаш Әбдікаримова апамыз көмектесті. Визаны қалай алу жайында ғана көмектесті. Негізі ешнәрсе айта алмаймын. Бұл кісілер «Славянский базар» жобасына іріктеу өткізген болатын. Сол іріктеуден өкінішке орай өте алмадым. Бірақ та осы Прагаға жолдама берген болатын.

Бұл негізі сіздің халықаралық байқауға берілген бірінші жолдамаңыз емес. 2022 жылы «Karaoke World Championships» байқауына қатысып, финалға өткен болатынсыз. Бірақ Норвегиядағы финалға бармай қалдыңыз. Іштей бір өкініш бар ма?

Иә, бұл менің алғашқы жолдамам емес. Былтыр өкінішке орай бара алмай қалған болатынмын. Бірақ та еңбегіміз көрініп, Алланың қалауымен X-Factor жобасынан ұттық. Сол іштей бір өкінішімді сейілту үшін Прагаға бардым, Ең бір алғашқы миссиям ол шетел көру. Былтырғы бармай қалғандағы өкінішімнің орнын жабу болған. Енді өкінішім жоқ, шетел көрдім. Шетелдік жобаны көріп, халықаралық байқауға қатысып көрдім. Ешқандай да өкініш жоқ.

Қалың көрерменге сізді X-Factor жобасы танытты. Осы телевизиялық байқаудан соң ән жазғаныңыз белгілі. Сол әндеріңіз қандай бағытта жазылды? Альбом шығару жоспарда бар ма?

Ең алғашқы жазған әнім «Қиял» атты әнім. Ол енді музыкалық жағынан қараған кезде, сөзін зерттеп қарайтын болсаңыздар өте бір терең мағынада жазылған ауыр ән. Халыққа жақын емес. Халыққа мұндай әндер өтпейді. Бұл әнді негізі хит болады деп жазған жоқпыз. Үлкен бір музыкалық тұрғыдан қарағанда жақсы бір ән жазғымыз келді. Сондықтан осы әнді жазып, көрерменге тартту еттім. Жетер жүректерге жетті деп ойлаймын. Альбом шығаратындай деңгейге әлі жетпедім. Бірақ та ол да болашақта Алла қаласа болады.

Жалпы ән айту кәсіби білімді қажет етеді деп ойлайсыз ба? Спорттан мүлдем кетіп, өнерге ойысу ойыңызда жоқ па?

Ән айту кәсіби білімді қажет етеді деп ойламаймын. Бірақ та енді вокал сабағынан дәріс алған да артық болмайды. Жалпы, менде табиғи дауыс қой, Алланың берген дарыны. Соны енді дұрыс жағынан пайдаланып жүрмін деген ойдамын. Спорттан мүлдем кеткен жоқпын. Әлі де мұғаліммін. Жұмыстан шықпадым. Бірақ та енді бір ғана нәрсеге концентрация ұстаймын деген ойдамын. Ол әрине өнер жолы. Барлығын байқап, саралап, сараптап бір шешімге келемін деген ойдамын. Сонда да спортты да тастамауға тырысып жүрмін. Алматы қаласында әлі күнге дейін кәсіпқой емес, әуесқой деңгейде жаттығу залдарына барып, арасында волейбол да ойнап тұрамын.

Сіз ауыл мектебінде ұстаздық етіп жүріп, бүкіл елге танымал болуыңыз шәкірттеріңізге жігер бергені сөзсіз. Вокалға қызығушылығы бар жастарға қандай кеңес бересіз?

Иә, өзімнің оқушыларым маған еліктеп, менен үлгі алып жатқанын байқап отырамын. Тек ғана вокал жағынан емес, қандай бағытта болмасын ауылдағы жастарға айтарым, тек ғана таза ниет. Ең бастысы өзіңе сену керек. Ары қарай жылжимын деген үмітпен, өз өзіңді дамыта беру керек. Мейлі қай жерде болмасын, ауылда болсын, қалада болсын бір тесікті жарып шығуға болады.

Мирас мырза, уақыт бөліп, сұхбат бергеніңізге көп рақмет! Ісіңізге сәттілік пен шығармашылық табыс тілейміз!