Жаңалықтар

«Министрлерді білмейтін депутат»: Назаровтың басы дауға қалды

«Министрлерді білмейтін депутат»: Назаровтың басы дауға қалды

Жуырда Парламент Мәжілісінің VIII шақырылымына бір мандаттық округ бойынша сайланған депутат Ардақ Назаровтың қылығы әлеуметтік желіде қызу талқыланып жатыр, деп хабарлайды KazFace.kz.

Ол депутат болып сайланған күннен бастап көзге түскен. Депутаттық мандатын алуға барған күні журналистердің сұрағына жауап беремін деп басы дауға қалған. «Депутат ретінде қандай сұрақтарды көтересіз? Қаңтар оқиғасын айтасыз ба?» деген сауалға «Амандық тілеймін сіздерге» деп сұрақтан жалтарақтаған. Ал, «Парламентке өткенен кейін қандай нақты жұмыстар атқарасыз?» дегенде «Жастарды тәрбиелеймін, бұрынғыдай» деп қысқа қайырды. Ережесіз жекпе-жектен чемпион Ардақ Назаровтың бұл сөзі халық арасында қызу талқыға түсті. Олар «Жастарды қалай тәрбиелейді? Жұдырықпен бе?» деп депутаттың нені меңзеп айтқанын түсінбеді. Сонымен қоса, журналистердің сұрағына жауап бергенде киіп тұрған қымбат бренд көзілдірігін де сынаған. «Қымбат көзілдірігін шешпей, шертиіп тұрған депутаттың сөйлеуінде әзірден тәкәппарлық бар, менсінбей сөйлеп тұр» деп жарыса жазды. Тіпті, қоғам белсенділері спортшының парлементке келіп, өзгеріп кеткенін айтады. 

Алдарыңызда Ардақ Назаров. Өз басым бұл азаматты өте байсалды, қарапайым, патриот ретінде сырттай білетінмін. Сөйлесіп көрмегенмін. Бірақ, қазір мына видеоны көріп ойыма келгені: "Парламенттің не сыйқыры бар екен? Бірден адамды өзгертетін? Қарапайым, ауылдан шыққан Ардақ Назаров Парламенттің табалдырығын аттап баспай жатып, сөйлеу стилі өзгеріпті, - деп жазды журналист Самал Қабышева Facebook-тегі парақшасында.

Бұдан кейін депутат журналистерден әбден сескеніп қалғаннан ба, парламент палаталарының бірлескен отырысына келгенде БАҚ қасынан ешбір сұраққа жауап қатпай, елемей өте шықты. Аталған жиында депутаттар жаңа үкімет басын таңдаған болатын. Премьер-министр лауазымына жалғыз ұсынылған Әлихан Смайыловтың кандитатурасына дауыс беру барысында жалпы отырысқа қатысқан 97 депутаттың 82-сі оны қолдаса, 7 депутат қарсы шығып, 8 депутат қалыс қалған. Дәл осы бейтарап қалыс қалған депутаттардың қатарында Ардақ Назаров бар екенін депутат өзі жиын соңында журналистерге ашылып айтты. Әуел баста журналистерден қашқан ол, осы жолы сұраққа жауап беремін деп бел буғанда тағы басы дауға қалды. 

«Үкімет басына кімді лайық деп санайсыз? Жалпы қазіргі министрлердің қайсысын ауыстыру керек сіздің ойыңызша?» деген сауалға күдіріп қалған депутатты журналистер сұрақтың астына алды. Олар «Мәселен қазіргі Денсаулық министрін атаңызшы, кім?» деп тексеріп көріп еді, депутат былай деп жауаптан сытылды:

- Мен Мәжіліске күні кеше ғана келдім. Жұмысыма енді кірісіп жатырмын. Министрлерді есімдерімен атай алмаймын, - деді. 

Жалпы жаңа министрлерді тағайындау алдында олардың кандитатуралары Мәжілістің бейінді комитеттерімен келісілетінін ескерсек, парламентке келген жаңа депутаттар олардың есімдерін ғана емес, еңбек жолын, жұмыс нәтижесін білуі керек. Ардақ Назаровтың министрлерді білмеуі, БАҚ қызметкерлерін сыйламауына ыза болған журналистер депутаттың үстінен Мәжіліс төрағасы Ерлан  Қошановқа шағымданды. 

- Әрине, журналистермен кездесу, сіздерге сұхбат беру – бірінші кезекте біздің мүддеміз. Себебі сіздер арқылы халыққа жасап жатқан жұмысымызды жеткізу қажет. Мен Парламент спикері ретінде және өзге де басшылармен жаңа депутаттармен түсіндірме жұмысын жүргіземіз. Әзірге әдеп кеңесін құрып үлгерген жоқпыз. Бірақ, Ардақ Назаров біздің регламентті бұзатын болса, әрине, ескерту беріледі. Журналистердің сұрағына жауап бермеген екен деп, депутаттық мандатынан айыру заңда қарастырылмаған. Депутат өзі құқылы - жауап бере ме, жоқ па? Бірақ жауап беруі қажет, - деді Ерлан Қошанов.

Журналистерге жақпай қалған су жаңа депутат Ардақ Назаров болса, өз ісін жеке парақшасында келесідей түсіндірді.

«Біраз сұрақтарға жауап берілмеді деп уайымдап отырғандарыңызды білемін. Біз спортшымыз ғой, рингке қыздырынбай кірмейміз. Дәл сол сияқты саяси рингте де қыздырынып, жан-жақты бағамдап, ішкі кухнясын көріп барып жауап бергеніміз дұрыс болады. Жақсы-жаманды таразылайтын, баға беретін уақыт әлі алда. Айтпақшы журналистер қауымына алғысымды білдіремін, бізді саяси майданға кірместен бұрын шыңдап жатырсыздар», - деп жазды ол. 

Еске сала кетейік, Ардақ Назаров ережесіз жекпе-жектен әлемнің екі дүркін чемпионы және әлем кубогының иегері, Еуропа-Азия матчтық кезеңінің жеңімпазы, джиу-джитсудан Қазақстан чемпионы. Ол 19 наурызда өткен кезектен тыс мәжіліс және мәслихат сайлауында Алматы облысының №11 сайлау учаскесінен кандидат ретінде сайлауға түскен болатын.