Медициналық сақтандыру қорынан миллиондар ұрланды
Міндетті әлеуметтік-медициналық сақтандыру қоры Ақтау филиалының директоры Руслан Бектубаев 17,5 млн теңге жымқырды деген күдікке ілінді деп мәлімдеді Маңғыстау облысы прокуратурасы.
Аталған істе Бектубаевпен бірге медициналық фирма директорларының бірі де күдікті ретінде танылып отырған көрінеді.
Олар қормен тегін медициналық көмек көлемі аясында медициналық қызмет көрсетудің сатып алулары жөніндегі келісімшартқа отырған.
Осылайша тараптар денсаулық сақтау министрлігі базасына адамдар ем алды немесе дәрігер көмегіне жүгінді деп жалған ақпарат енгізіп отырған.
"Яғни тұрғындарға тегін медициналық көмек көрсетілді деп енгізген, ал шынында бұл қызметтер көрсетілмеген. Қазіргі таңда күдікті қамауға алынды. Тергеу жалғасуда", - деді Маңғыстау облысы прокуроры Руфат Куттуков.
Ақтау МӘМС филиалының бұрынғы басшысы екі ай бойы тергеу изоляторында отырғаны анықталды. Сол сияқты оның болжалды сыбайласы да ешқайда кетпеу туралы хатқа қол қойған.
Егер күдікті Руслан Бектубаевтың қылмысы дәлелденген жағдайда, оның бар мүлкі тәркіленіп, 7 жылдан 12 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.