Мәжіліс депутаттығына кандидат Арман Шораев кінәлі деп танылды
Астана қаласы әкімшілік құқық бұзушылық жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты Шораевты ҚР ӘҚБтК 104-бабы бойынша кінәлі деп таныды, деп хабарлайды KazFace.kz.
Бұл туралы Арман Шораев өзінің Facebook парақшасында мәлімдеді.
- Мені Қазақстан Халықтық партиясының кандидатының ар-намысына, қадір-қасиетіне және іскерлік беделіне нұқсан келтіретін мәліметтерді таратқаным үшін кінәлі деп таныды. Әрине, шығарылған сот актісімен келіспеймін, шағымданамын, - деді.
Сондай-ақ, Арман Шораев биыл 19 наурызда өтетін сайлауға мәжіліс депутаттығына кандидат ретінде өз-өзін ұсынған.
Оның айтуынша, билік осылайша оны сайлаудан шеттеткісі келеді. Бірақ, Шораев өз жазбасында сот үкімі шыққанмен, қаулы заңды күшіне 10 күннен соң енетінін жазады. Яғни, заң жүзінде ол сайлауға қатыса алады.
- ҚР Конституциясының 77-бабына сәйкес, сот үкімі заңды күшіне еніп, кінәлі деп танылғанға дейін адам кінәсіз болып саналады. Демек, 2023 жылдың 19 наурызына дейін сот актісі заңды күшіне енбейді, сондықтан аудандық сайлау комиссиясы апелляция қаралғанға дейін тіркеу туралы шешімнің күшін жоюға құқысы жоқ, - деп жазады Шораев.
Еске сала кетейік, Қазақстан халық партиясының мүшесі Нұрия Балтабайқызының сотқа шағымдануына Арман Шораевтың 2023 жылғы 20 ақпанда Facebook әлеуметтік желісіндегі жазбасы түрткі болған. Шағым беруші Балтабайқызы Арман Шораевты желіде Қазақстан халық партиясының төрағасы Ермұхамет Ертісбаевтың суретін жариялап, оны "сатқын" деп атағанын, осы жазба бұл партияның мүшесі ретінде "ар-намысына тигенін" айтқан.