Мәжіліс ЛГБТ насихатына тыйым салу туралы түзетуді қабылдады
Жұлдыз ОРАЗХАН
Қазақстан мәжілісі «Мұрағат ісі туралы» заң жобасын талқылау кезінде дәстүрден тыс сексуалдық қатынастарды насихаттауға тыйым салатын түзетуді қабылдады, деп хабарлайды KazFace.kz.
Түзетуге сәйкес, ЛГБТ тақырыбындағы насихаттық мазмұндағы ақпаратты бұқаралық ақпарат құралдарында, жарнамада, кинода, әлеуметтік желілер мен онлайн-платформаларда таратуға тыйым салынады.
Депутат Наталья Дементьева бұл бастаманың негізгі мақсаты – балаларды зиянды ақпараттан қорғау екенін айтты.
«Поправка әлеуметтік желілердегі насихатқа тыйым салуды көздейді. Кино мен жарнамада да мұндай көріністер болмауы тиіс. Біздің балалар әлеуметтік желілерде мұндай нәрсені ашық көруге міндетті емес», – деді ол.
Ал мәжіліс депутаты Елнұр Бейсенбаев түзету азаматтардың жеке өміріне араласпайтынын атап өтті.
«ЛГБТ өкілдеріне өмір сүруге тыйым салынбайды. Бұл тек қоғамда осындай қатынастарды насихаттауға шектеу қояды. Егер, мысалы, екі ер адам саябақта қол ұстасып жүрсе, бұл насихат болып саналмайды», – деді депутат.
Қабылданған түзетулер «Бала құқықтары туралы», «Жарнама туралы», «Бұқаралық ақпарат құралдары туралы», «Білім туралы», «Кинематография туралы» және тағы басқа тоғыз заңға енгізілмек. Бұл құжаттарда алғаш рет «дәстүрден тыс қатынасты насихаттау» ұғымы заңдық тұрғыда айқындалады.
Еске сала кетсек, ЛГБТ насихатына тыйым салу мәселесі бұған дейін де бірнеше рет көтерілген. 2024 жылы осы бастамаға қатысты петицияға 50 мыңнан астам азамат қол қойған болатын.
Енді заң жобасы Сенат қарауына жіберіледі. Жоғарғы палата мақұлдап, Президент қол қойған жағдайда, жаңа норма заңды күшіне енеді.